Облыс әкімі аудандағы бірқатар нысандардың жай-күйін тексерді

154 Views

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, мәселелерімен танысты.Аймақ басшысы алдымен аудандық орталық аурухананың жағдайын көріп, медицина қызметкерлерімен кездесті. 

260 келушіге арналған аурухана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі маман тапшылығын шешу, медициналық қызметтің сапасын арт­тыру бойынша жүйелі жұмыстар жүр­гізу керектігін баса айтты.
Айта кетейік, Т.Рысқұлов ауданында 35 емдеу мекемесі халыққа қызмет көрсетуде.
Келесі кезекте аймақ басшысы орталық стадионның жағдайымен танысты. Спорт нысанын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
Ербол Қарашөкеев ауданда бос тұрған туберкулезге қарсы аурухананы аралап көрді. Жауаптыларға ғимаратты жаңартып, тиімді пайдалану бойынша ұсыныс енгізу тапсырылды.
Аймақ басшысы аудандағы жұмыс сапары барысында жоспардан тыс Панфилов көшесіндегі 4 көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, тұрғындардың өтінішін тыңдады.
Тұрғындар 1972 жылы салынған тұрғын үйлердің шатыры, жертөлесі, кіреберісінің де тозығы жеткенін айтып шағымданды.
Айта кету керек, жалпы мұндағы төрт үйдегі 248 пәтерде 800-ге жуық адам тұрады. Аталған тұрғын үйлерге жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленген.
Облыс әкімі аудан әкімдігіне «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарын уақыт созбай тезірек бастауды, сапасын қатаң қадағалауды және ауланы абаттандыру бойынша мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.
Облыс әкімі жұмыс сапары соңында «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының жұмысын, егістік алқабын көріп, аудан шаруаларымен кездесті.
Шаруалардың жай-күйімен таны­сып, олардың бірқатар сауалдарына жауап берді.
– Шаруаларды мемлекеттік қолдау көлемі ағымдағы жылы айтарлықтай артып отыр. Ендігі кезекте талап, тәр­тібі бойынша жеңілдетілген көмекті шаруаларға тиісінше жеткізу маңызды. Тек ірі шаруа қожалықтар ғана емес, қарапайым шаруашылықтар да мем­лекет қолдауын сезінуі тиіс, – деген облыс әкімі салалық басқарма мен аудан әкімдігіне нақты міндеттер жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: