Тағы да бір спорт кешені пайдалануға берілді
Былтыр ауданымызда екі бірдей спорт кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Оның бірі – Көгершін ауылында, екіншісі – Ақыртөбе ауылында ашылған еді.
Қазіргі таңда Көгершін ауылындағы спорт кешенінде, сондай-ақ, Ақыртөбе ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру ғимаратында ауыл жастары салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылдану үстінде.
Кеше дәл осындай спорттық денешынықтыру-сауықтыру нысаны Рахым Сәбденов ауылында да ашылды. Енді бұл ауылдың жастары да бос уақыттарын тиімді пайдаланып, аталмыш спорт нысанында жаттығуларын өткізетін болады.
Жаңа спорт кешенінің ашылу рәсіміне аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде:
– Мен ел Президентінің №826 Жарлығына сәйкес, ауыл тұрғындарымен ұдайы кездесемін. Сол кездесулерде көптеген ауыл тұрғындары осындай спорт кешенін салу туралы сауалдарын қояды. Біз бұл бағытта өз тарапымыздан тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз. Бүгінгі ашылып отырған денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің ғимараты осы сөзімді қуаттай түсетіні сөзсіз. Біздің алға қойған көптеген мақсат-мүдделеріміз бар. Алдағы уақытта осындай жұмыстар өз жалғасын таба береді. Тек ауданымызда береке мен бірлік болса, өздеріңізбен талай қуанышта бас қосамыз деп ойлаймын. Лайым елімізде тыныштық болсын – деді.
Айта кетейік, бұл спорт нысаны «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып отыр. Нысанның жалпы құны 268 млн. теңгені құраған. Әлеуметтік нысанның құрылысын «Bek stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, бұған дейін ауданымызда 183 спорт нысаны болған. Енді солардың қатарына тағы бір нысан қосылып отыр.
Салтанатты шарада ауыл ақсақалы Шомпы Қалбай Абдил-Саттарұлы атамыз ақ батасын берді. Содан соң спорт саласының ардагері Ұланбек Омарбеков пен Рахым Сәбденов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Боранбай Әденов жаңа спорт ғимаратының лентасын салтанатты түрде қиды.
Марат ДИХАНБАЙ.