Мұхит асқан қос мақтаныш

147 Views

Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болуы өсіп келе жатқан жастарымыздың қабілет-қарымына, таланты мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Сондықтан да ұстаздың басты мақсаты – іскер, білімді, сыни тұрғыдан ойлай алатын, адамгершілігі жоғары, қабілетті тұлға қалыптастыру. Осы бір анықтамаға сай келетін біздің ауданның мақтаныштары – Аружан, Маржан есімді егіз қыздар.

Қос егіз аруымыз 2017 жылы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен аяқтаған еді. Бұл туралы «Құлан таңы» газетінің 2017 жылы 13 маусым санындағы мақалада жарияланған болатын. Одан кейін егіз қыздың бірі Аружан Рәпілбек Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факуль­тетіне екі шетел тілі: француз, ағылшын тілі мамандығына оқуға түсті. Ал, Маржан есімді аруымыз Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне биология факультетінің грант иегері атанады. 2021 жылы аталған университетті үздік бітіріп, екеуі де ҚазҰУ-ға магистратураға түсті. Аудан мақтаныштары білім ордасында білімдерімен оза шауып, қызыл дипломды иеленеді. Қос қызымыздың бағы жанып, еткен еңбектің арқа­сында бірінші курсты аяқтамай, «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тағы Бостон университетіне грантқа түседі. Мұхиттың арғы жағындағы әйгілі университетті де күні кеше қызыл дипломмен аяқтап, елімізге оралғалы жатыр. Ең алдымен, осындай қыздарды дүниеге әкелген ата-анасына, тәлім берген барша ұстаздарына алғысымыз шексіз. Міне, ауылдан шыққан қарапайым егіз қызымыздың мемлекетімізді әлемге танытып, мұхит асып, аудан, тіпті, республика тарихында болмаған білім саласындағы жаңалығы осындай.
Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілет пен дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Хакім Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?!

Рая Әміреқызы,
«Ерен еңбегі» медалінің иегері.
Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің
бастауыш пәнінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: