Респонденттердің назарына!

44 Views

2024 жылғы 6 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң аясында «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңының 12-1 және 12-2-баптары жаңа редакцияда қабылданды. Аталған өзгерістер БАҚ беттерінде жарияланған күннен 60 күн өткен соң (2024 жылғы 8 маусымнан бастап) күшіне енеді.
Мемлекеттік статистика саласындағы заңнаманы сақтау бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі өзгертілді.
Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну кестесінде көрсетілген мерзімдерде респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсынбауы анықталған кезде респонденттер профилактикалық бақылау жүргізбестен айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. (Бұрын профилактикалық бақылау жүргізіліп, қорытындылар жіберіліп отырған. Бұл респонденттерге айыппұл санкцияларын салмай есепті тапсыруға мүмкіндік берді).
Бастапқы статистикалық деректердің дәйексіздігі анықталған кезде респондентке, бір жұмыс күні ішінде статистикалық нысанға түзетулер енгізу немесе олардың дұрыстығын растайтын қосымша ақпарат беру қажеттілігі туралы хабарлама жіберілетін болады.
Статистикалық нысандарға түзетулер енгізу статистикалық нысанды қайта ұсыну жолымен жүзеге асырылады.
Бұрын ұсынылған бастапқы статистикалық деректердің дұрыстығын растайтын құжаттар болмаған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалады.
Бұл түзетулер респонденттердің есепті тәртібінің нашарлауына және ұсынылатын бастапқы статистикалық есептіліктің сапасының төмендеуіне байланысты енгізілді.
Бастапқы статистикалық деректерді беру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 497-бабында жазылған:
– анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсынғаны үшін респондент бірінші рет ескерту алады (497-баптың 1-бөлігі), қайталап бұзған жағдайда айыппұл салынады;
– респондентке статистикалық есептерді ұсынбағаны үшін айыппұл салынады. Айыппұл сомасы кәсіпкерлік субъектілерінің мөлшеріне байланысты болады.
2024 жылы статистикалық есепті белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін (ӘҚБтК 497-бабы 2-бөлігі) айыппұл сомасы:
Шағын кәсіпкерлік субъектісі: 51 688 теңге (14 АЕК)
Орта кәсіпкерлік субъектісі: 73 840 теңге (20 АЕК)
Ірі кәсіпкерлік субъектісі: 443 040 теңге(120 АЕК)
2024 жылы 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) 3 692 теңгені құрайды.

Б.Пірімқұлов,
аудандық статистика басқармасының басшысы.

Поделиться ссылкой: