Ауылда бірлік болса, бәрі рет-ретімен шешіледі

97 Views

Кеше аудан әкімі Ернар Есіркепов ел Президентінің №826 Жарлығына сәйкес, Ақыртөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ақыртөбе орта мектебінде өткен кездесуге ау­дандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысты.

Кездесуде алдымен аудан басшысы Ернар Серікәліұлы сөз сөйлеп, ау­дан аумағында атқарылып жатқан ау­қымды тірліктерді жіпке тізіп айтып берді. Аудан әкімі атаған ауқымды жұмыс­тардың қатарында «Қарақат» каналы­ның жөндеу жұмыстары, Ақыртөбе ауылдық округіне қарасты Малдыбай елдімекенінде бой көте­ретін жаңа мектептің құрылысы, ау­дан тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар болды. Бұдан бөлек осы жиында аудан әкімі былтырғы өзінің сайлауалды бағдарламасында берген уәделерінің біраз мөлшері орындалып қойғанын да тілге тиек етті. «Алдағы уақытта дәл осы бағытта жоспарлы жұмыстар атқарыла бермек» деп түйіндеді сөзінің соңын аудан басшысы. Сондай-ақ, кездесуде аудан әкімі Ернар Есіркепов қазіргі таңда бала қауіпсіздігі басты назарда тұрған өзекті мәселе екенін сөз етіп, ауыл тұрғындарына бала тәрбиесі отбасынан бастау алатынын жеткізді.
Адалын айту керек, кейінгі жылдары Ақыртөбе ауылдық округінің даму перспективасы көңіл қуантады. Ауылда газ бар. Мектеп бар. Спорт кешені де салынған. Жаңа мәдениет үйінің де құрылысы аяқталуға жақын қалды. Ауыз судан мәселе жоқ емес бар. Деген­мен, ол да жоспарда бар дүние. Ол бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Кездесу соңында Ақыртөбе ауыл­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Иманалиев сөз сөйлеп, аудан басшысы Ернар Есіркеповтің іскерлігі мен еңбекқорлығына риза­шылығын білдірді. Содан кейін қоғам­дық қабылдау өтіп, тұрғындар қойған сауалдарға аудан басшысы нақты әрі дәйекті мысалдар арқылы жауап қайырды.

М.Аятберген.

Поделиться ссылкой: