Құланда тоңазытқыштар құрастырылуда
Қасиетті Құлан өңірінде өндіріс ошақтары аз деп талай рет айтқан болатынбыз. Дегенмен, соңғы кездері ауданда ақырындап болса да, шағын және орта бизнес түрлері дамып келеді. Соның бірі – «Мұзтау» тоңазытқыштар құрастыратын цех.
Иә, жаңсақ естіген жоқсыз. Енді Құланда «Мұзтау» атауымен коммерциялық бағытта қолданылатын тоңазытқыштар шығарылатын болады.
Жеке кәсіпкер Қуандық Маханбетұлының иелігіндегі бұл цех 2022 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бірақ, үлкен зауыт біздің өңірде емес, Алматыда орналасқан. Ұзақ келіссөздердің арқасында кәсіпкер өз зауытын туған өлкесіне көшіруге келісіпті. Оның объективті өз себебі де бар. Кіндік қаны Көкдөненде кесілген кәсіпкер өзі өсіп өнген өлкесінде өнеркәсіп саласының мықтап дамығанын қалайды екен.
Өндіріс ошағында алты адам жұмыс жасайды. Оның екеуі Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенттері.
Өткен сейсенбіде аталмыш шағын зауытты аудан әкімі Ернар Есіркепов өз көзімен көріп, алғашқы шығарылған өнімдерге жоғары баға беріп қайтты. Сондай-ақ, шағын өндіріс орнын әрмен қарай дамытудың жолдарын қарастырып, кәсіпкерге қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар бастамаларды қолға алу керектігін жеткізді.
Кәсіпкердің сөзіне сенсек, алдағы уақытта шағын зауыттың өнімдерін тек елімізге ғана емес, шет елге де шығаруды жоспарлап жүр екен. Дәл қазір Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен келіссөздер жүргізілуде. Ең бастысы – өнімнің сапасы жоғары, бағасы да қолжетімді. Шетелдік компаниялар Қазақстанға екі-үш айлап жеткізетін тоңазытқыштарды Қуандық мырза екі-үш күнде апарып, орнатып бере алатынын айтты.
Жәнібек Базылбек.