Аудан еншісі тағы бір жүлдемен толықты
Ауданымыздан шыққан спортшылардың арасында тек өңіріміздің ғана емес, тұтас ұлт мақтанышы болғандар аз емес. Өткен сейсенбіде солардың ізін жалғаушы жас спортшы Марлен Мейірбекұлын аудан әкімі Ернар Серікәліұлы қабылдады. Марлен Мейірбекұлы наурыз айында Түркия мемлекетінің астанасы Анталия қаласында өткен 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы халықаралық грек-рим күресінен 65 келі салмақта күш сынасып, үшінші орынды иеленді.
Марлен Мейірбекұлы 2008 жылдың 16 сәуірінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Әбжапар ауылында дүниеге келген. Ол өзінің жарыс жолын 2023 жылы Талдықорған қаласында өткен грек-рим күресінен бастаған. Аталған жарыста кіші жасөспірімдер арасында 62 келі салмақта күресіп, қарсыластарын оза шауып чемпион атанады. Одан кейін, 2023 жылы Иордания мемлекеті, Амман қаласында грек-рим күресінен кіші жасөспірімдер арасында 62 келі салмақта Азияның күміс жүлдегері, 2023 жылы грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнирдың 69 келі салмақта жеңімпазы атанған.
Кездесуде аудан басшысы Ернар Есіркепов жас спортшыға алдағы уақыттарда осындай додаларда топ жаруына тілектестігін білдіріп, арнайы алғыс хат табыстады. Ауданымыздың атын асқақтатып, еліміздің туын желбірететін мақтаныштарымыз көп болғай.
Гүлнұр АМАНЖОЛ.