Еліне елеулі, халқына қалаулы жан еді…
Өлім-жоқ болу емес, керісінше бұл жалған дүниедегі тапсырманы орындау болғандықтан кейін, бұйрық келгенде мәңгілік демалысқа шығу деп, Мұқағали Мақатаев ақын жырлаған. Досым Пазыл Әбілдаұлы артына із қалдырып, оның өшпес еңбегінің жемісі. Ол өзінің еңбекқорлығының арқасында тек өзін ғана ойламай, қоғамға керекті дүниелер жасады.
Мемлекеттен субсидия алып, өзінің адал еңбегімен тапқан қаражатты бір-біріне жалғап, тиімді пайдалана білді.
Аудан халқы бүгінгі күні базарында, тау самалында 200-дей адам еңбек етіп, бала-шағаларының нәпақасын тауып, тұрмыстық жағдайларын жақсартуда. Пазыл Әбілдаұлы осыған себепші болды.
Оның қалдырған мұрасына қарап Пазылдың болмысы, адами қасиеті, еңбекқорлығын көріп өзі жоқ болса да, ісінің мәңгілік екені көрінеді. «Бұл дүниеден өткенмен Арыстан, артында есіп келеді тірі Арыстан» – демекші, артындағы мұрагері болған Даниярдың, әкесінің мұрасына деген қамқорлығы мені қуантады.
Пазылдың тағы бір қасиеті бар. Ол алдына келген адамдардың қолын бос қайтармайтындығында.
Бір айтарым, Пазыл Құлан ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Баймұратовты шақырып, округтегі жағдайы төмен отбасылардың тізімін жасап, Алматыдан он отбасының балаларына планшет алып, балаларды қуантты. Фототілші Талғат марқұм төртеуміз балаларды үйме-үй араладық. Алайда Пазыл әрбір жағдайы төмен отбасылардың тұрмыс жағдайларын өз көзімен көріп, осындай төменгі күнкөріс жағдайда тұратын кісілер бар екен ғой, – деп мұңайғанын байқадым. Осындай әрекеттеріне қарап, ол кісінің көңілінің қандай екенін білуге болады. Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, еліне елеулі халқына қалаулы, артына ізін қалдырған адамды. Осы айдың 8-інде 70-жасқа толар еді…Бір кем дүние…
Досым, жаның жәннатта болсын. Артыңдағы ұрпағың аман болсын!
Мұратхан ЫСТЫБАЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы».