Қазақ ауылында жаңа мешіт бой көтерді

743 Views

Егеменді елімізде Қазақ деп аталатын ауыл осы ғана шығар. Қалай десеңіз де осы жұдырықтай жұмылған елдімекенге сонау Астананың өзінен Қызыр шалған қонақтар келді. Мешіттің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Діни Басқармасының өкілі Сансызбай қажы Құрбанұлы жиналған жамағат алдында тұшымды да тұнық ой айтты: –Кувейттік ғалым Шағұрулла: «Екі дүниенің сардары болған пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)-ды жуындырған су буға айналып жерге түсті. Алла Тағала бір тамшы су түскен сол жерге мешіт салдыруға өкім еткен» дейді. Мешіт – жер бетіндегі ең қасиетті орын. Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар. Соның бірі – біздің Қазақ елі. Біз жетім-жесірімізді жылатпаған, Аллаға жақын болған елміз. Сондықтан болар Қазақстанды 130 ұлттың өкілі паналап отыр. Бұл біздің кемеңгер басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  рухани жаңғыруымызға нұр шашып, ұлттар бірлігін ұстанып отырған сара саясатының жемісі, -деді ол.

Одан соң сөз алған облысымыздың өкіл имамы Данияр қажы Жұмабайұлы намазхандарды мешітте бес уақыт намаз оқып, Ислам өкімдеріне берік болуға шақырды. Сөйтіп, ауыл молдасы Мырзатай кәриеге қасиетті “Құран Кәрім” кітабын салтанатты түрде табыс етті. Ауыл тұрғыны, жақында ғана өткен республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлдені жеңіп алған Өмен Ниязқұлов ауыл тұрғындары атынан мешітті салған кәсіпкердің әкесі Әбжапар қажыға сүліктей сары ат мінгізді. Ол оның тізгінін өзінің немересі Әбусейітке ұстатты. Айту ләзім, мешіттің ашылу рәсіміне арнайы шақырылған облысымыздың бұрынғы өкіл имамы, «Шындық пен сұмдық» атты бейне-ролигімен бүкіл мұсылман әлеміне танымал болған Ербол қажы Сағиұлы мен Құлмұхаммед қажы Мұхаммед, жүргізуші Батырбек қажылардың әр жүрекке нұр болып құйылған уағыздарынан соң жамағат ең алғашқы бесін намазын осы мешітте оқып, аудан орталығындағы «Алтын сарайдан» әруақтарға құран бағыштап, дәм татты, сый-сияпатқа бөленді.

Сөйтіп, жұмақтың жұпар иісі ескен жұма күні ауданымызда тағы бір мешіт пайдалануға берілді. Жиналған жұрт мешітті салған кәсіпкер жігіт Әпсемет Әбжапарұлына, оның ашылу салтанатын ұйымдастыруға өз үлестерін қосқан осы ауылдың Қонысбай, Шәмшіхан сынды азаматтарына «Алланың нұры жаусын!» деген тілектерін айтып, тарқасты.

 С.ҚОЖЕКЕ.

Суреттерді түсірген

 Т.Досбембетов.

 

Поделиться ссылкой: