Әлімжеттікке жол жоқ!
Бүгінгі қоғамдағы ең бір қауіпті мәселелердің бірі – буллинг. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы бірін-бірі қорлау, балағаттау, мазақ ету, күш көрсету секілді әлімжеттік оқиғаларының жиі кездесетіні жасырын емес. Мұндай сұмдық оқиғалардың нәтижесі ауыр жарақатқа, тіпті, адам өліміне әкеліп соқтырған жағдайлардың да орын алып жатқаны өкінішті.
Ең сорақысы – техниканың қарыштап дамуының нәтижесінде әлімжеттіктің де тағы бір түрі пайда болып отыр. Кибербуллинг – бір адамның өзге біреуді әлеуметтік желі арқылы балағаттап, қорлау, келемеждеу, ол туралы теріс пікір қалыптастыру немесе қудалауы деп түсінуге болады. Әлімжеттіктің бұл түрі де заманның өзекті мәселесінің біріне айналып отыр…
Психолог маман ретінде менің айтпағым, бұл өмірде ешкімнің ешкімді қорлауға, мазақ етуге, балағаттауға, күш көрсетуге, яғни, физикалық та, психологиялық тұрғыдан да ешқандай қысым көрсетуіне құқығы жоқ. Барлық адам тең құқылы. Еліміздегі әрбір азамат, әрбір тұлға осыны мұқият түсінуі керек деп ойлаймын және өзін-өзі қорғауға толықтай мүдделі. Бізде Конституция бар. Еліміздің басты байлығы – адам және оның денсаулығы мен құқықтары. Мемлекетіміз әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығына, құқықтарының қорғалуына жауапты. Ендеше, әлімжеттікке ешқандай да жол берілмеуі керек. Кей жағдайда адамдар Заңды толықтай білмегендіктен, қандай да бір қорқыныштан, мүмкін, айналасындағылардың өзін сөз етуінен қауіптеніп немесе басқа да себептердің болуына байланысты буллинг оқиғаларын жасыруы мүмкін. Бірақ, оның нәтижесі қауіпті болуы да ықтимал, тіпті, қылмысқа әкелуі де ғажап емес. Сондықтан азаматтарды өз құқығын заң тұрғысынан қорғауға, кез келген мәселеде психолог мамандардың көмегіне жүгінуге шақырамын. Мектеп жасындағы балалар арасында әлімжеттік оқиғалары орын алса, мектеп ұжымы оқиғадан хабардар болуы және шара қолдануы керек. Егер жасөспірім қандай да бір себептерге байланысты болған жайтты айта алмайтын болса, сенім жәшігіне хат қалдыруға немесе сенім телефонына хабарласуына мүмкіндігі бар. Буллинг пен кибербуллингке байланысты аудандық жастар орталығы психологы мен округ инспекторлары тоқсанына 3 мәрте іс-шаралар жүргізіп келеді. Сондай-ақ, орталық психологының аудан жастарын түрлі мәселелерге байланысты кеңес беруге дайын екенін де айтқым келеді.
Әлімжеттік – қоғамның дерті. Дегенмен, оны жою әр азаматтың өз қолында! Менің айтарым, шешілмейтін мәселе жоқ. Әрбір азамат өзінің құқығын жетік білсе және оны қорғай алса, қоғам да түзелмек.
Сымбат Тастанбек,
«Жастар ресурстық
орталығы»
КММ-нің аға психологы.