Жылқы мінезді жігіт

110 Views

Қойсын апа Сыпатайдың мазарының басына Чойдың әйелі Сейпі үшеуі түнеп келген соң келіні жөргекті болып осы Аманғазыны дүниеге әкелген. Сонда ғой Әубәкірдің кіндігінен бала көрмеген Қойсын апа жөргек иіскеп келінінің жанынан айналшықтап шықпай қойғаны. Өзі билікөлдік шақшамның қызы екен. Кейін аталары «Үш ойрандыға» көшіп келгенде: Әубәкір:«Сыпатай шақшамға күйеу болса мен де күйеу болайын» деп осы Қойсынды айттырып, алса керек. «Ол сонау шаңыраққа уық шаншып, керегеге шымылдық керіп, алтыбақанда қыз-қырқын ойын-сауық құратын бір беймарал мезгіл еді ғой» деп еске алып отыратын апа бойжеткен шағын. Өзі шақшамның Ақшал биі сынды беделді атасының қызы. Ол кезде Базаркелдінің Серке, Құйқа есімді екі ағайынды атасынан тараған Тыңқожа ұрпағы «Бүргенің» қалың шиінде отыратын. Байбала мен Бесбала осы Тыңқожаның байлығына басие болып қалған атан жілікті атпал азаматтары ғой. Әсіресе, Бесбаланың балуандық атағы жер жарып тұрған. Кейін одан туған Әубәкір де талай білектімен күш сынасып, жиын-тойда жауырыны жерге тимей белдесетін батыр болды. Қойсын осындай елге тұтқа болатын жігіттің босағасына келгеніне өкінбейді. Бірақ, құрсақ көтермегеніне ғана қапалы болатын.
Енді міне шекесі торсықтай ұл тапқан абысыны Сейпінің асты-үстіне түсіп аналық мейірімі ашылып кеткен. Чой Әубәкірдің інісі, кішкентай Аманғазыны бауырына басқысы-ақ, келеді. Бірақ абысынынан батпайды. Оның көзі тая бере нәрестені алдына алып тербетіп, өліп-өшіп өбектеп жатқаны. Сейпі ғой екі бірдей шаранасының құдықта жатып көз жұмғанын ойласа болды жанын қоярға жер таппайды. Бәлкім сондықтан болар ол да нәрестесін қолына алып, емізіп отырғанда барлық аналық мейірімін төгеді. Аманғазысы төртке келгенде Сейпінің тағы да аяғы ауырлап қалды. Қойсын абысыны «ақсарбас» атап, айнала төңіректі адыраспанмен аластап, жаны қалмады. Күйеуі ол кезде колхозға бастық болып алған. Үйге бірде өгіз, енді бірде сиыр мініп келетін байы енді қазанатқа мініп келіп тұр. Сол күні келіні Сейпі жарық дүниеге екінші ұлын әкелген. Сонда Қойсын сонау егін басында жүрген күйеуінен сүйінші сұратқан. Сөйтсе, қуанышты хабарды естіп, Әубәкір: «Қалағанын алсын» десе керек. Күйеуі үйге келген соң Қойсын: «Төркініме жібер. Төркінімді көрмегелі төрт жыл болды» депті. Шалы: «Сұратқан сүйіншің сол болса, дәл қазір кетсең де шатағым жоқ» десе керек. Сонда Қойсын апа: «Ө…л…ә…ә, мынадай періштеге ат қоймай қалай кетемін» деп, баланың шілдеханасын өткізіп барып жолға қамданған екен.
Нәрестеге ат қоюға келгенде бәрі де ойланып қалады. Сол кезде қазан атынан түсіп келе жатқан Әубәкір: «Әй, әлгі Нәмет қайда?» демей ме. Сөйтсе ол оның кеңсесінде отырғанда қарауындағы адамдарының аты есіне түспей қалғанда айтатын сөзінің мысалы екен. Қойсын апа осы сөзін қағып алып, молдалығы бар, құйрығымен жер сызып жылжып жүретін жиені Қалшаға: «Ал, қане сенің аузыңда «пысмыллаң» бар ғой, мына баланың құлағына азан шақырып, үш рет: «Нәметқазы» деп айқайла дейді. Анау үш мәрте айқайлайды. Онысы да дұрыс болыпты, баланың ныспын «тіл-көзден» аман болу үшін апаларымыз осындай елеусіз аттарды қойған ғой баяғыда.
Елді аштық билеп, түстік жақты отқа орап сұрапыл соғыс басталды. Әсіресе, аштық келгенде ел бір түйір нан таппай қатты қиналды. Колхоздың әктібі болған соң болар жасы әскерге алынатын шақта болса да Әубәкірдің арқасында Аманғазы өзінің қатарлары Әбен, Шалдамбай, Шәміндер майданға аттанып жатқанда әскерге бармай ауылда қалды. Барғысы-ақ, келді. Бірақ, ел ағасы болып жүрсе де бір перзент көрмей жүрген Чойдың ағасы оны қан майданға жіберуге қорықты. Оның есесіне колхоздың бүкіл қара жұмысы Аманғазының мойнына артылды. Ол, бригад: «соқаға шық десе соқаға, мал бақ десе, малға шығады». Әйтеуір, әкесінің ағасы Әубәкірдің жіберген жағынан қалмайды. Ауыр жұмысты да, кейде есепшілікті де, бригадтың жұмысын да атқарады.
Анасы Сейпі дүниеден өткен соң әкесі Чой Қарақолдан қырғыз әйел алған. Сейпі марқұм көзі тірісінде осы Аманғазысын: «Осымның өзі де, мінезі де Ұшан ағамнан айнымай қалған» деп айтып отырушы еді. Сол Ұшан есімді ағасы соғысқа бір аяғын беріп, елге балдақ ұстап, бір аяқпен қайтты. Расында да мінезі шатақ кісі болатын. Чой ата да: «Жәдіктің ішіндегі жұлқары осы шығар, мынау жиені де өзінен аумай қалыпты» деп отыратын. «Осы Ұшанның әйелі Кешубайға тиген» дейді білетіндер. Ал, Чойдың екінші әйелінің артынан ілесіп келген Пәңке деген қызға кейін Аманғазы жылқыда жүргенде үзеңгілесі Аманшалға тиген. Бұл өзі қазақ дегенді қойсаңызшы, «сұрай берсең қарын бөле шығады» деген сөз рас-ау.
Ал, Аманғазының да, Нәметқазы­ның да жылқы мінезділігі Чойға тартқан. Қойсын апа: «Қарабай бойы бір тұтам демесең біздің шалмен түйдей жасты, құрдас қой. Өзі өкімет болған соң ба қайным Чойдың, оны Чой деп мен қойып едім, атын атамайын деп, әйтпесе, азан шақырып қойған аты Оразалы еді ғой. Сол Чойға Қарекең өзінің бай ауылындағы Жайнақ жәкемді сылтауратып, күн құрғатпай келетін. Сөйтіп жүріп өзіне Чойды атқосшы етіп алды. Қайным жүрісті ат мінсе болды құлпырып, жүзі жайнап шыға келетін. Өзі де атқа отырғанда кейбіреулерге ұқсап көп шоқырақтамайды, нық отырады. Айтайын дегенім, сол Қарекеңе «тықыр» таянып, қудалауға ұшырағанда қырғызға баруы жиілеп кетті. Екеуі іңір қараңғысынан атқа отырып, Меркіден шыққан бетте бірден Ыстықкөлге қарай тартады екен. Осының барлығын Аманғазы балама мен айтып бергенмін. Екеуі де су жорға мінеді. Қарабай атқа шалқайып, жатып алып, екі аяғын аттың құлағына асып қойып отырады екен. Өйткені су жорға жортқанда артқы аяқтарын ұрып тастамасын дейді екен. Со бойда: «Ал, Чой! Менен қалма!» деп алып, көсілтеді де отырады. Сол жортқаннан жортып отырып бір түнде қырғыздың манабының жайынан бір-ақ шығады. Сондағысы, Қарабай Қытайға өтудің жол-жобасын сұрап, алтын-күмістерін қайда, қалай өткізу керектігін біліп, сол түнде ауылға қайтып келеді екен. Қойсын ападан естігенін Аманғазы кісі де айнытпай айтып отыратын. Онысын Сағындықтың Жанат есімді ұлы құлағына құйып алған. Ол Чой атасының Қарабайға «Ақсарайда», «Мыңжылқыда», «Төлебайда» өкімет­тен жасырынып жүргенде тамақ та­сып, кей кездері серік болғанын, содан «Қарабайдың үңгірі» деген үң­гір қалғанын айтып отырады. Кейін Қарабай Қытайға асып кеткенде оның Рәшид деген ұлы мен Розалия деген келіні осы Меркідегі ет комбинатының кондитер цехында жұмыс істепті. Аманғазының Аманқұл деген баласын жұмысқа да алыпты. Жанаттың айтуына қарағанда Рәшид әкесі «халық жауы» болып кеткен соң қудалауға түспес үшін фамилиясын өзгертіп алған көрінеді. Ал, Қарекеңнің ең үлкен қызы Луговойдағы жарлысулық Мақаш Иісбаев деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Оның күйеуі аудандық партия комитетінде бірнеше жыл қатарымен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болған.
Иә, Аманғазы кісі әкесі Чой 1961 жылы қайтыс болған соң жылқы жағалады. 1968 жылы «Жаңатұрмыс» колхозының жылқысын қабылдап алады. Сол кезде колхоз бастық Махатов Бексейіт болатын. «Сусамырға» жылқы айдағалы тұрғанда атасы Әубәкір Аманғазының өзі астынан тастамай мініп жүретін жүйрік жиренінің ақсап, табынға ілесе алмай тұрғанын көріп: «Мынаны әурелеп қайтесің, жол болса тастақ, мынауың бір асуға да жете алмайды ғой, маған тастап кет» деген. Аманғазы атасының айтқанын екі етпей жүйрік жиренді ауылға атасына тастап кетеді. Сол жиренді Әубәкір ақсақал әбден ем-дом жасап, аяғын жазып, баптап, енді бәйгеге «қосамын» деп отырғанда ұшты күйлі жоғалып кетеді. Сонда батыр ата өзі күдік алған адамына: «Ана жиренді әкеліп, байлап қой» десе керек. Сонда жүйрікті алған ағайыны: «Жалғыз баламның бауыр етін жейін, оллахи-билләхи алған жоқпын» деп қарғанады. Елдің айтуына қарағанда әлгінің жүйрікті алғаны рас болса керек, көп ұзамай жар дегенде жалғыз ұлынан айырылып қалады. Содан кейін жылқысы жоғалған тарап бұл оқиғаны мүлдем сөз етуді қойыпты.
Әбекең жылқыға шыққан жиырма екі жыл ішінде оның береке мен құт дарыған сабасынан саумал ішіп, қымызға тоя кекіріп, сонысын көшедегі жұртқа жыр етіп айтпаған кісі қалмаған шығар-ау. Аманғазы кісі менің әкем Шәмінмен түйдей құрдас болатын. Оның «Сусамыр» жайлауындағы құтты қонысына барып, Жұмакүл жеңгейдің сапырып отырып берген бал татыған сары қымызын талай іштік қой. Тіпті Аманғазы ақсақалға құлын байласып жүрген Үкіметов Асқар деген азаматтың шамдағайлығы да әлі көз алдымда. Ол өзі колхоздың қойын бағатын, маған жезде болып келеді. Есенкүл деген әпкемізді алған болатын. Сол кісі құлындарды қозы құсап сирағынан ұстап әкеліп, желіге байлатқызатын. Ал, осы «Айғыр жал» деген жұртта отырғанда мама биелерді Аманғазы кісінің өзі шелегін қарына асып алып, желіде тұрған сексен биені бір өзі сауып шығатын. Сонда ол кісінің шелек қажаған қары қалың күске айналып кеткенін көргенім бар еді. Сол кісі сексен биені сауып біткенше бастапқыларының сауыны кеп тұратын. Несін айтасыз, жылқы дегенде оның жаны бөлек еді ғой. Менің жылқышы болған Ыдырыс атам мен Төреқұл атам айтып отыратын: «Аманғазы жылқы мінезді» деп.
Сол «Сусамырда» Аманғазы кісі жалғыз отырмаушы еді. Онымен бірге Аманшал Сүлейменов пен Жүргембай Алмабаев деген руы сегізсары жылқышылар да табынын тағалап, биесін өрелеп, сауып, орта­лыққа саба-саба қымыз жөнелтіп отыра­тын. Осы қылқұйрықты жануарларға кім перме болмады десеңізші… жауы­рыны мен жотасына екі кісі мінгендей Жаһангер перме, ерніне ерні жұқпайтын, тез сөйлесе сөзін ешкім ұқпайтын Әмірәлі перме мен қабағынан қар жауса жылқы жатып жусайтын Зейніл перме де Аманғазы Әубәкіровке қамшысын үйіріп келіп тұратын. Бірақ, қоғам жылқысының үйірін бұзбай, көрінген көк аттыға ұстатып жібермей Әбекең жиырма екі жыл жылқы бақты. Сонда деймін-ау, осы қылқұйрықтылардың артынан қалмай, табынды «Шырғанақ» пен «Нұреке», «Барлыбай» сайынан қайырып, семіріп, ет алсын деп «Көтенүзбе» мен «Бошқай сазына» жайып, желдесін деп «Қапшағай» беліне шығарып, түнемелдеп амандап жүрген де Әбекеңнің жанында қолқанат болып қалған ұлдары Сағындық пен Аманқұл, Қайрат болды. Тегі «Жаңатұрмыста» бастық Базарбай Сүлейменов зеңгібаба тұқымын түлен түрткендей етіп, тұяқ қалдырмай қырып, Тоқмоққа жіберіп жатқанда да Әбекең жылқының шетіне бөтен біреулерді жолатпаған.
Бірде ол кісінің табынына бөтен тор қасқа айғыр келіп қосылады. Өзі де есік пен төрдей жылқының төресі болатын. Соған бір ай бойы балаларын да жолатпай қойып еді-ау, жарықтық. Сөйтсе, әлгі жануар көрші жатқан қырғыздардыкі екен. Иесі келіп, танып, алып кетерінде Әбекеңе алғысын жаудырып, рахметін айтып жатты.
Әбекең атқұмар, көкпаршы еді ғой. Бірде ол жанына балуан жігіт Сабырды ертіп алып Балықтыға кетті. Сабыр небәрі 20-25 жастағы тепсе темір үзетін жігіт қой. Бара үш жүздей көкпаршыдан тайсалмай додаға кіреді. Алдында: «Тәте! Сіз алысқа ұзамай мені тосыңыз» деген ғой. Бір қараса Сабыр бүкіл қырғызды шуатып, көкпарды астындағы қаракерін ақ көбікке салып суырылып шығып келеді екен. Сабыр көкпарды Аманғазы ағасының алдына салып берген сәтте оның астындағы тықыршып тұрған жирен ала жөнеледі. Жолда қырғыздар қойған торуылдан да жануар қамшы сипатпай алып өтеді. Не керек Әбекеңнің жиреніне Қорымдыға жеткенше бір ат та ілесе алмапты. Тағы бірде Құлболдының інісі Тілеужан «Тастөбеде» қой бағып отырады. Қойшы емес пе, алыстан дүрбі салып отырып Меркінің мал жайылымы штабы жанында жан алысып, жан берісіп жүрген бір аттылыны жазбай таниды. Анықтап қараса әлгі шабандозды шақшамдар ортаға алып мазақ қылып жүргендей көрінеді оған. Тілеужан балуан жігіт емес пе, атына міне салып қалың тобырға тура шабады. Келе киліге кетеді. Сөйтсе сабауға түсіп жүрген Аманғазы досы екен. Олар енді екеулеп шақшамдарға «соғыс» ашады. Білекті, айла-тәсілі, көкпаршылығы басым балуан жігіттер ілезде әлгілерді жайпап тастайды. Жеңілген жақ тырағайлап қаша жөнеледі. Сөйтіп, Аманғазы мен Тілеужан дос көп шақшамды шаң қаптырып кетсе керек.
Кейін 1991 жылы зейнет демалы­сына шыққанда ғана өзі тірнек­теп, колхозға жиып берген малдың ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанын көріп, іші удай ашыған. Өзінен кейінгі жылқы баққан балаларға содан жүрегі жылымай қойған. Тіпті «Шөңгербай керіге» де қол салғанын көргенде тіпті түңіліп кеткен. Өйткені ол да бір айтулы жүйрік болатын. Егер бүгінде Жаңатұрмыстан табын-табын жылқы өрсе, бұл сол Әкімбай, Әлқожа, Әйімбек, Ыдырыс, Жұматай, Аманшал, Жүргембай, осы Аманғазы кісілердің әруағы қонған ауылдың ырысы мен байлығы шығар. Қалай десеңіз де Аманғазы нағыз жылқы мінезді адам еді. Әруағы разы болсын. Жарықтықтың!
Әбекеңнің оң құлағы ауыр еді. Бәлкім соғысқа да сонысын сылтау етіп бармай қалған-ау. Әйтеуір сонысына қарап қатарлары оны «шойынқұлақ» атап кетіпті. Ал, Жұмакүл жеңешеміз мынау «Қазақдиқандағы» Шаншар байдың қызы екен. Кәмпеске кезінде Ошақбай деген белсенді әкесін атқа сүйретіп өлтіріпті. Жұмакүл апа жастай жетім қалады. Не сұмдықты көреді, оны Қарабайдың балалар үйінен Әулие-Атаға алып кеткен жерінен туған әп­кесі Бопатай іздеп барып тауып әке­леді. Бопатай өзі құдайғұлдың қызы, қожайға тұрмысқа шығады. Жұмакүл осы әпкесінің қолында жүргенде Аманғазыға үйленеді.
Әбекеңмен менің әкем Шәмін түйдей құрдас қой. Бірақ ол кісі соғыс көрді. Ленинград блокадасында болып, ауылға Ғайып Ерен қырық шілтен қағып, аман келді. Досым құрдасы Әбекеңе «шойынқұлақ» деп ат қойса, Шәкеңе құрдасы үйірден шыққан айғырды мінгізіп ауылға жібереді де «тызылдақтан» (высоковольтты электр желісінен) өткенше дүрбі салып артынан қарап отырады. Сөйтсе айғыр айырмаға дейін тоңқиды. Сонда да ат­тан аумай бара жатқан досына риза болып: «Енді көтің жауыр бол­майды» деп күлсе керек, ал, өзінен екі жас кіші Зейніл перме қымызға мелдектеп үйден шыққан кезде: «Әй, ананың аяғының астына пләк әкеліп қойыңдар» дейді екен оның бұтының қысқалығын көпке күлкі етпей, бірақ өзі миығынан жымиып.
Сөйткен Аманғазы кісі де өмір­ден озды. Егер шақ­шам Құлсары Қарақыс­тақтағы «Талды­бұлақтан» «Көтенүзбе» асуына жол салдырса, Әбекеңнің аты «Айғыржал» деген жерде мәңгілікке қал­ды. Ары-бері өткен-кеткен жұрт: «Шір­кін! Жұмакүлдің ашытқан қымызын-ай, десе, еркек кіндіктілер түгел: «Әбекең на­ғыз көкпаршы, жігіттің сұлтаны еді ғой» деп еске алады.

Дүние өткен кеткен, өткен кеткен,
Аударған қара жерді өткір кетпен,
Жалғанда ойна да күл замандасым,
Өлмесе ата-баба қайда кеткен?

Мына жатқан жерменен ел жүреді,
Анау жатқан тауменен жел жүреді,
Мына жатқан қара жер кезегімен…
Біртіндеп бәрімізге кеп жүреді.
Құдайдың мұнысына тәубә дейін,
Орнында бар оңалар деп жүреді.

(Шежіреші, термеші Нәби Үмбеталыұлы­нан қалған сөз осы еді).

Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.

Поделиться ссылкой: