Тура жігіт елге тіреу

110 Views

жерлесіміз Елдос Сметов дзюдо спортының
тарихында қазақтан шыққан алғашқы
Олимпиада чемпионы атанды

Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті құттықтауы
«Дзюдошымыз Елдос Сметовті Париждегі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Оның шеберлігі мен қайсарлығының арқасында Қазақстанның Туы биікте желбіреді. Елдос мықты қарсыластармен күресте төртжылдықтың басты додаларында топ жарып, әлемнің үздігі атанды. Сіздің жеңісіңіз – біздің бүкіл халқымыздың жеңісі!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзбасы: Қазір әлем халқының назары Франция елінің астанасы Париж қаласына ауған. Өйткені бұл қалада төрткүл дүниенің жұртшылығы асыға күткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтуде. Франция мемлекетінде Олимпиада ойындары алғашқы рет болып тұрған жоқ. Бұған дейін де бұл елде Олимпиада ойындары бір емес, 2 рет өткен. Үшінші Олимпиадаға француздар жақсылап дайындалған екен. Оны сол жерге барып көрмесекте, теледидардан тамашалап отырып аңғардық. Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өте ерекше форматта ұйымдастырылды. Бұған дейінгі Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі стадионның ішінде, яғни жабық кешенде болса, Париждегі доданың ерекшелігі де сол, су үстінде өтті. Әр елдің ұлттық құрамалары қайыққа мініп, Сена өзенін бойлай шеру жасады. Салтанатты шарада 10 500 спортшы 6 000 шақырымды қайықпен жүзіп өтті. Шеру Трокадеро алаңының маңыңда аяқталып, осында Олимпиада алауын жағу рәсімі өтті.

Негізгі бөлім: Франция мемлекеті – өркениетті ел. Тарихы да ежелден бастау алады. Халықаралық Олимпиада комитеті осыны да ескерген болар. Француздардың Олимпиада ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыратынына сенгендіктен де Париж қаласы таңдалған шығар. Мінеки, француздар сол сенімнің үдесінен шығып, Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын өзгеше форматта ұйымдастыра білді. Әлем жұртшылығы оған таңдай қақты.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 26 шілдеде өтті. Ал 27 шілде біздің елдің тарихында алтын әріппен жазылатын күн. Себебі осы күні бір емес, екі бірдей Олимпиада ойындарында ел қоржынына күміс және қола медаль салған дзюдошы Елдос Сметов Париж төріндегі татамиде белдесті. Жай белдескен жоқ әрине. 60 келі салмақ дәрежесінде Олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ қарсыластарының барлығын қоғадай жапырып, ел қоржынына алтын медаль салды.
Осы жерде «Ерсің сен, Елдос» дегіміз келеді. Жерлесіміз расыменде Париж төрінде қазақы намыстың ұшқынын айдай әлемге көрсетті. Қарсыластарының атақ даңқынан қаймыққан жоқ. Әйтпесе, барлығы да «сен тұр мен атайын» дейтін сайдың тасындай сақа жігіттер. Олимпиадаға осал спортшы қатыспайды. Олардың да үкіліп қосқан елі бар. Тек кімнің бағы жанады, алтын медаль соныкі.
Мәселен, Елдостың алғашқы қарсыласы нидерландылық Торнике Цякадоеа болды. Оның Елдоспен қалай белдескенін өздеріңіз көрдіңіздер. Белдесу «Golden Score»-ға, яғни «Алтын уақытқа» жалғасты. Қарсыласқа сылбыр күрескені үшін шидо беріліп, нәтижесінде үш бірдей ескерту алған нидерландылық спортшы жарысты алғашқы айналымда-ақ аяқтады. Елдос келесі айналымға өтті. Одан кейінгі қарсыласта оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Осы күні Украина елінің атынан сынға түсіп жүрген қаны өзбек Дильшот Халматов Елдосымызды екі алақанын ысқылап күтіп тұрған болатын. Сметов Халматовқа да сыр алдырған жоқ. Оны тіпті білек күшімен татамиге бір иығымен өңгеріп, «Ваза-ари» ұпайымен ұтты. Қандай тамаша көрініс.
Ал ширек финалда Елдосқа анау-мынау емес, әлемдік рейтингте 1-ші орында тұрған әккі балуан, әлем чемпионы деген дардай атағы бар, ол аз десеңіз, Жапония мемлекетінің астанасы Токио қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында күміс медаль иеленген тайпейлік Ян Юнг Вей қарсылас атанған еді.
Жасырып қайтеміз, осы жерде көңілде алаңдаушылық болды. Янг Юнг Вей «Елдосымызды сан соқтырып кетпеспе екен…» деген де ойдың санада сарт ете қалғаны рас. Рейтинг дегеннің түк емес екенін Елдос осы белдесуде көрсетті. Қарап отырсаңыз, Елдос Сметов әлемдік рейтингте 22-ші орында, ал тайпейлік Янг Юнг Вей әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр. Мықтының аты – мықты ғой қашанда. Елдосымыз тайпейлік балуанды да «Ваза-ари» ұпайымен ұтты. Сметов – жартылай финалда. Ой-й-й-й-й-й-й қалай толқыдық десеңізші осы сәтте. Жарайсың, балуан.
Шыны керек, Елдостың төзімділігіне тәнті болдық. Асып-тасқан жоқ. Барлығын сабырға салды. Ол жартылай финалда белдескен испаниялық Франсиско Гарригоспен өткен кездесуде байқалып тұрды. Франсиско Гарригосыңыз да қалпақпен ұрып алатын балуан емес. Оның да әлем чемпионы деген атағы бар. Талай «Grand-Prix», «Grand-Slam» додаларында топ жарып жүрген балуан. Елдос Сметов пен Франсиско Гарригос осы кездесуге дейін 4 мәрте белдескен екен. 2 рет Сметов, 2 рет Гарригос жеңген. Бұл белдесу меніңше негізгі уақытта аяқталса, қызық болмай қалар еді.
Айтып-айтпай не керек, 4 минутта қос қарсылас бірін-бірі ала алмады. Белдесу «Golden Score»-ға жалғасып, «Алтын уақыттың» 23 минутында ауырту әдісін қолданып, Елдосымыз өзінің Франсиско Гарригостан мықты екенін дәлелдеді. Ел ішінде айтылатын «Өмір алма кезек» деген сөз рас екен. Испаниялық балуан ширек финалда жапониялық Рюдзу Нагаяманы дәл осындай ауырту әдісімен ұтқан болатын. Басқа-басқа емес, Рюдзу Нагаяма дәл сондай әдіспен ұтылады деп ешкім ойлаған жоқ. Сөйтіп, сенсация жасаған Франсиско Гарригос жартылай финалда білек күші мығым қазақтың оғланы Елдос Сметовтан дәл сондай әдіспен ұтылды.
Ал енді финал. Финалда да Елдосымыз осал балуанмен белдесті деп айта алмаймыз. Біз қаны грузин франциялық Лука Мхеидзені осал балуандар қатарына қоспас едік. Оның үстіне Олимпиада Францияда өтіп жатыр. Одан бөлек, Лука Мхеидзеге жанкүйер болып Франция мемлекетінің Президенті Эмманюель Макронның өзі залда қолдау көрсетіп отырды. Залға жиналған жанкүйерлердің көбісі – француздар. Олар «Лука, Лука» деп айғайға басты. Жасыратын несі бар, көп жағдайда ел Президенті отырған жерде төрешілердің де «жергілікті балуанға бұра тартатындарын» талай рет Олимпиада ойындарында байқағанбыз. «Елдосқа да сөйтіп әділетсіздік жасамас па екен» деген ойдың болғанын жасыра алмаймын. 2 шидо берілген сәтте «Әй, қалай болар екен…» деп әбден дегбіріміз қашты. Бірақ Елдосымыз сасқан жоқ. Білек күшінің мықтылығын ол финалда да көрсетті. Алдымен Мхеидзені татамиге өңгеріп құлатты. Француз балуаны Елдостың қиыннан қиыстырып әдіс жасайтынын ұмытып кеткен секілді. Сәл босаңсып еді, соны байқаған Елдосымыз білегінің күшімен қарсыласты көтеріп, Мхеидзені Макронның көзінше бір иығымен татамиге солқ еткізді. Сол әдісі үшін Сметовке «Ваза-ари» ұпайы берілді. Төрт минут аяқталғанша осы ұпай сақталды. Осылайша дзюдошы Елдос Сметов Франция мемлекетінің астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Елдос бұл жолы да асып-тасқан жоқ. Күллі француз жұртшылығының алдында Лука Мхеидзенің қолын көтеріп, абыройын аспандатып, құрметін білдірді. Міне, нағыз кәсіби спортшы. Қазақтың батыр ұлы. Жарайсың, Елдос!
Спортшыларды марапаттау рәсімінде тұғыр биігіне Елдос Сметов көтеріліп, Қазақтың Әнұранын шырқаған кезде бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Елдостың өзі де көзіне жас алды. Бізді де жылатты. «Жылатты» дегенді тура мағынасынан түсінбесеңіздер екен. Кеудесінде жұдырықтай жүрегі бар әрбір қазақ сол сезімді бастан кешті деп ойлаймын. Елдос Сметовтің Қазақ елінің Әнұранын шырқаған сәттегі көрінісі жас спортшыларға ерік-жігер, сенім, күш сыйлады деген үміттеміз. Енді жас дзюдошыларда Елдос ағалары секілді Олимп шыңын бағындыруға болатынына сенеді. Көздері де жетіп отыр. Ол үшін тек табанды еңбек ету керек. Дәл Елдос секілді. Сонда ғана Олимпиада чемпионы боласың. Тағы да дәл Елдос секілді…
Елдос Сметов 2016 жылы Бразилия мемлекетінің астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында күміс медаль иеленген болатын. Солы жылы тамыз айында ел мақтанышына айналған Елдосқа аудан халқы автокөлік тарту еткен болатын. 2016 жылғы сол кездесуді газетке мен жазған екенмін. Сонда Елдос:
– Осы жеңісімді Қазақ еліне арнаймын. Бұл жолы болмаған жеңіс 4 жылдан соң Токио төрінде болатындығына сенімім мол және әрі сіздерді соған сендіргім келеді, – деп сұхбат берген еді.
Токиодан да Елдостың құр алақан қайтпағанын білесіздер. Ол тек жартылай финалда ғана атақты жапониялық ежелгі қарсылас Наохиса Такатодан жеңілді. Сол белдесуде Сметов пен Такато11 минуттан аса белдескен екен. Олимпиада Жапонияда өтті. НаохисаТакато Токиода жеңімпаз атанды, ал Елдос Сметов елге қола медальмен оралды.
Франция мемлекетінің астанасы Париж төрінде өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары Елдос Сметов қатысып отырған үшінші Олимпиада. Дана қазақ «Ер кезегі үшке дейін» деген. Негізінен Қытай елінде өткен Азия ойындарында Елдос жеңіліп, жетінші орын алып қалғанда көп адамдар оған сенбеген еді. Оны Елдостың өзі де айтты. Сол жеңілістен кейін Елдостың «Спортты қойсам деген де ойы болған екен». Алайда, ата-анасы мен жарының зор қолдауының арқасында ол татамиге қайта келіпті. Қазір елімізде 60 келі салмақта бәсеке өте күшті. Бірақ елішілік чемпионатта Елдос өзінің мықтылығын көрсетті. Бапкерлер Елдосқа сенім артты. Әсіресе, үш Олимпиадалық циклда да Елдостың қасынан табылған оның жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиевтің де еңбегі зор екенін атап өтейік. Мақаланы аяқтар тұста Елдос Сметовтің бұған дейінгі де жеткен жетістіктерін жазуды құп көрдік. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, ересектер арасында да Әлем чемпионы (Астана, 2015 жыл), халықаралық «Grand Prix» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарының күміс медаль иегері, Токио қаласында өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарының қола медаль иегері. Париж шаһары дзюдошымыз үшін құтты болды. Өйткені, ол осы қалада өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында тұғыр биігіне көтеріліп,чемпион болды.
Сөз соңы: Талаптансаң, еңбектенсең жетістікке жетесің. Оның дәлелі мінеки Елдос бауырымыз. Ең бастысы, ауызға алалық түспесе, іске ешқашан шалалық түспейді. Осыны санамен ұғайықшы. Қазір үйде отырып алып бос сөйлейтін не болмаса әлеуметтік желіде өздерін «ұлтшыл» сезінетін күшеншектер көп қой. Әкімдерді сынап, шыншыл болып, ақырында «Құрметті атаққа» ие болған «атақтыларды» да көзіміз көрген. Саясаттан хабары болмаса да, үйде отырып алып көсемсіп ел саясатына пікір айтатын «диван батырларына» Елдостың осы ерлігі, сөзі, ісі үлгі болса дейсің. Тақырыпты да «Тура жігіт елге тіреу» деп қойғанымыздың да себебі осы. Ел мақтанышына айналған Елдос секілді елге тіреу болатын тура жігіттер көп болсын.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: