Білікті журналист, Мықты менеджер
Мен аудандық «Құлан таңы» газетіне редактор болып келгенге дейін облыс орталығында қызмет атқара жүріп, «Ғалым Қасабай», «Жақсы редактор», «Мықты кәсіпкер» деген сөздерді жұртшылық тарапынан жиі еститінмін. Аудандық басылым тізгінін қолға алғаннан соң қарасам, газет облыс орталығындағы «Қанатты қалам әлемі» деген баспада басылып шығарылады екен. Өзім жетекшілік ететін газет шығатын баспахананы көруім керек қой. Осы мақсатпен «Қанатты қалам әлеміне» келдім.
Мені ақ жарқын, аққұба келген жігіт ағасы орнынан тұрып жылы шыраймен қарсы алды. Мен өзімді таныстырдым.
– Кел, кел, жоғары шық Нұрлан бауырым, – деді Ғалым аға өзіне қарсы орындықты нұсқап. Жауапты қызметті қолыңа алған екенсің, құтты болсын! Ежелгі Құлан өңірі – тұнған шежіре. Редактор оны біліп жүруі керек.
Халқы да кең пейілді, жүрегі дархан жұрт. Осындай киелі топырақтың басылымы да өзіне сай болуы керек. Сен осыны ұмытпа, інім.
– Біз ұзақ әңгімелестік. Ғалым аға аудандық газеттердің басқа басылымдардан ерекшелігі, ауылдық оқырмандардың сұранысы мен пайымы туралы ұзақ әңгімеледі, көкейге қонымды ұсыныстары мен пікірлері мені ерекше тәнті етті.
Мен ағаның кабинетіндегі қабырғаларға жапсарластыра қойылған сөрелердегі қаз-қатар тізілген әртүрлі форматтағы, қалыңды-жұқалы көптеген кітаптарға көзім түсті. Ғалым аға да ойымды түсіне қойды ғой деймін:
– Бұл кітаптардың барлығы өзіміздің баспаханада шығарылған, –деді байыппен. Біз кез келген үлгідегі полиграфиялық өнімдерді шығара береміз. Мұндай дәрежеге жету оңай болған жоқ, әрине. Мен журналистпін. Бірақ осы мамандыққа қатысты барлық мәселелер мені ерекше толғандырады. Сондықтан да қашанда жаңа істі қолға алуға құштарлық танытып тұрамын. Бұл менің қаныма сіңген қасиет. Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген соң туған жерім Қордай ауданында «Қордай шамшырағы» газетінде тілші болып жұмыс істедім. Облыс орталығына қоныс аударған соң сол кездегі Жамбыл қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының «Замандас» газетін аштым. Кейіннен бұл басылым облыс студенттері өмірінің айнасына айналды. Онымен тоқтап қалған жоқпыз. Кейіннен заман талабына сай «Салық тәртібі» газетін ашып, республикалық басылымға айналдырдық. Мұндағы менің айтпағым, Нұрлан інім, редактор болу үлкен ізденісті, талпынысты талап етеді. Осыны ойдан шығарма, – деді.
Ғалым аға «Ал, жақсы» дегендей қолын ұсынды. Мен қоштасып шығып кеттім. Ойланып келем. Өз кәсібін жанындай жақсы көретін білімді де білікті адаммен сұхбаттасқаныма әсерленіп, осы қызметке келгендегі алғашқы қобалжуларым мен қорқыныштарым басылғандай болып, рухтанып әрі қанаттанып қалдым.
Бүгінде облыста шығатын газет-журналдардың басым көпшілігін жарыққа шығаруды қамтамасыз етіп отырған Ғалым ағаның полиграфиялық мекемесі уақыт талабына сай заманауи жабдықтармен жарақтанған, озық полиграфиялық өндіріс орны десек, оған қаламы қарымды журналист, баспагер, білікті де білімді менеджер Ғалым Қасабай ағаның қосқан сүбелі үлесі мол.
Қазір мен бауырымдай болып кеткен ағаммен жиі пікірлесіп, ой бөлісіп тұрамын. Рухы асқақ, өршіл мінезді ағамды зейнет жасқа толуымен газет оқырмандары атынан шын жүректен құттықтаймын!
Нұрлан БЫҚЫБАЕВ,
аудандық «Құлан таңы» газетінің редакторы.