Сенбілік жұмыстары жүргізілді
Халықаралық Жастар күніне орай, тамыз айының 3-і мен 12-сі аралығында «Жастармен бірге!» атты ұлттық жастар онкүндігін өткізу жөнінде жоспар бекітілді. Алдағы уақытта ол жоспар бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері ерікті жастардың қатысуымен қайырымдылық іс-шаралар, эко турнир, ашық аспан астында отандық фильмдерді көрсету, денсаулық сақтау ұйымдарында ашық есік күндерін өткізу, интеллектуалдық ойындар, кітапханаларға кітап сыйлау, шахматтан жарыс және тағы да басқа іс-шаралар легін ұйымдастыруды көздеп отыр. Айтпақшы, оның арасында 10 тамыз – Абай күніне орай «Құлан медиа» ақпараттық орталығымен бірлесіп, подкаст түсіру де бар.
Өткен жұмада бекітілген жоспардың алғашқы шарасы да өтті. Яғни аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ерболат Жәдік бастаған аталмыш орталықтың қызметкерлері, ерікті жастар Каменка ауылындағы Қарақыстақ тау шатқалынан ағып жатқан су арнасының шет-жағасын қоқыстан тазартып, белгілі бір бөлікке сенбілік жұмыстарын жүргізді. Біз аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ерболат Жәдіктен блиц сауал алдық.
– 12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Осы атаулы мерекеге орай ұжым мүшелерімен ақылдасып, түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жөнінде жоспар түздік. Ол идеямызды қолдаған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы мен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қуанышбекұлына алғысым зор. Өздеріңізде куә болдыңыздар, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен ерікті жастар «Таза Қазақстан» экоакциясына қолдау білдіру мақсатында сенбілік жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп жүргізді. Бұл мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта өзге форматтағы шаралар легі 12-ші тамызға дейін жалғасын табатын болады, – деді.
Марат Жолдасбекұлы.