Алтын өндірушілер демеушілік жасады
Алтын өндірумен айналысатын «Golden Compass» ЖШС-гі көптеген қайырымдылық істерді іске асырып жүргені белгілі. Аталмыш серіктестік осыдан бірер жыл бұрын, яғни пандемия кезінде Т.Рысқұлов және Меркі аудандарының орталық ауруханаларына құны 24 миллион теңге тұратын жасанды демалу аппаратын (ИВЛ) алып беріп, үлкен сауапты іс жасаған болатын.
Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып отыр. Нақтырақ айтсақ, Жарлысу ауылына. Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов «Оңтүстікқазжерқойнауы» (Южказнедра) Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті» РММ басшысының орынбасары Қанат Булегенов және ЖК «MC Building-тің» директоры Марианна Шрамкомен кездесті.
Кездесу барысында қос тарап Жарлысудағы су имаратының барлаушы су ұңғымаларын тазарту жұмыстарын талқылады. Нәтижесінде «Д.А.Қонаев атындағы тау-кен істері институтының» ғалымдарынан құралған жұмыс тобы туындап отырған мәселені жергілікті жерге шығып, зерттеп-зерделеу жұмыстарының жүргізілетіндігі туралы шешімге қол жеткізді. Айта кететін нәрсе, бұл шаралар мемлекет қаражатына емес, «Golden Compass» ЖШС-нің демеушілігімен іске асырылып жатыр. Су ұңғымаларын тазарту жұмыстарына 10 млн.теңге қаржылай көмек көрсетілгенін атап өту қажет. Бұдан өзге де «Golden Compass» ЖШС-нің жасаған демеушіліктері туралы газет тілшілері ұдайы жазып жүр.
«Құлан таңы» ақпарат.