Мәдениет – асыл қазынам!
Бұл байқау Тұрар Рысқұлов ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылды
Ұмытпасам, 2002 жылы болу керек. 4-ші сыныпта оқимыз ол кезде. Сол жылы әнші Досымжан Таңатаровтың Көгершін ауылдық мәдениет үйінде концерті өтті. Зал лық толы болды. Әлі есімде, 100 теңгеден билет алып, отбасымызбен барғанбыз. Ақшаның да құны бар кез ғой. Мына мақаланы 2000 жылдан кейін дүниеге келген жастар оқыса, күлуі де мүмкін. Дегенмен, солай болғаны шындық. Қазір 100 теңгеге концерт көрмек түгілі, ел ішінде жиі қолданылатын сөзбен айтсақ, «мысық та бетін көрсетпейтіні» рас.
Айтатын ойымыз ол емес негізінен. Сол жылы Көгершін ауылындағы мәдениет ошағының келбеті тәуір болатын. Қанша дегенмен, екі қабатты зәулім ғимарат қой. Әй, содан кейін осы ғимаратта концерт мүлде өтпеді-ау! Есімде жоқ. Содан соң бұл ғимарат жекелеген адамдардың қолына өтті. Өзі жөндеуді қажет етіп тұрған мәдени нысан тіпті «құлдырай» түсті. Іргетасы ажырады, терезелері сынды. Сөйтіп, ғимараттың әбден тозығы жетті.
Ауылда түрлі тақырыптағы жиындар өтеді. Облыстан, ауданнан келген атқарушы билік өкілдеріне ауыл тұрғындары тарапынан осы сұрақ жиі қойылатын. Бізде ол жөнінде газетке проблемалық мақала жаздық. Қуантатыны сол, проблемалық мәселе шешімін тауып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Көгершін ауылында жаңа мәдениет нысаны бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл расымен де жағымды жаңалық көгершіндіктер үшін. Өйткені, олар бұл сәтті көп күтті. Ішкі және сыртқы безендірілуі келісті 90 орындық жаңа мәдениет үйінде бүгінгі таңда көптеген іс-шаралар өтеді. Көгершінде қазір мәдениет үйі де, спорт кешені де бар. Шүкір. Құдай, берекелі бірлік берсін. Себебі бірлік болса, тірлік те болады. Өз ауылын жазып кетті демеңіздер. Мақаланың кіріспе сөзін осылай жазуға тура келді.
Білесіздер, бұған дейін де аудан әкімдігінің «Инстаграм» парақшасында, «Құлан медиа» ақпараттық орталығы да «Мәдениет – асыл қазынам!» деген тақырыппен аудандық кірістер басқармасының жанындағы саябақта Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет күні өтетіндігі туралы хабарландыруды жұртшылық назарына жариялаған еді. Осыны кейбір адамдар түсінбей қалуы мүмкін. Ол – Жамбыл облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқау. Бұл байқауға өңірдегі барлық аудандар қатысып жатыр.
Бас жүлдеге «Спринтер» автокөлігі сыйға беріледі. Бірінші және екінші орын иеленген аудандар да жүлдесіз қалмайды. Сондықтан бұл байқауға Тұрар Рысқұлов ауданы жоғары деңгейде дайындалды. Аудандағы атқарушы билік өкілдерінен бастап, түрлі деңгейдегі мекемеде қызмет істейтін қарапайым қызметкерлерге дейін тайлы-тұяғымен атсалысты. Ол туралы да кейінірек жазамыз. Енді мына қуаныштың жайын жазайық.
Мақаланың кіріспе сөзін Көгершіннен бастадық қой. Бәзбіреулер «Бұған Көгершіннің қатысы қанша?» деуі де мүмкін. Дегенмен біздің айтар ойымызды әріден түсінетін оқырмандар да бар. Біз соған қуанамыз.
Өткен жұмада Ақыртөбе ауылында жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған бірқатар бөлім және мекеме басшылары қатысты. Шарада Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Құралбайұлы сөз сөйлеп, Ақыртөбе жұртшылығының қуаныштарына тілеулес, ниеттес екенін жеткізді. Содан соң аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз сөйледі.
Аудан басшысы өз сөзінде:
– Құрметті Ақыртөбе ауылының тұрғындары! Бүгін біз сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып отырмыз. Ауылдарыңызда жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілгелі отыр.Өзімнің атымнан құттықтауды қабыл алыңыздар. Алдағы уақытта бұл ғимаратта көптеген үйірмелер ашылып, ауыл тұрғындары мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене атсалысады деген ойдамыз. Мәдениет саласында қызмет істеп жүрген азаматтар мен азаматшалардың беделі артып, абыройлары асқақтай берсін – дей келіп, Ақыртөбе ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Салтанат Төленқызына музыкалық аспаптың сертификатын табыс етті.
Ақыртөбе ауылының тұрғындары да кез келген жиналыста мәдениет үйінің мәселесін ұдайы айтатын. Біз Көгершінде «ескі» болса да мәдениет ошағының барын жаздық қой. Ақыртөбеде «ескі» мәдениет үйі түгілі, соның іргетасы да болмаған. Енді мінеки, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалып, Ақыртөбе ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 140 орындық жаңа мәдениет нысаны салынып, халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Былтыр Ақыртөбеде жаңа спорт кешенінің құрылысы толығымен аяқталып, ол да пайдалануға берілген болатын.
Біз салтанатты шараға қатысқан ауыл тұрғындарының қуанышты сәтін өз көзімізбен көрдік. Ақыртөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманалиев Сатыбалды ақсақалдан азды-кем сұхбат та алдық. Ол өз сөзінде аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған аудандық атқарушы биліктегі өзге де басшылық қызметте еңбек етіп жатқан азаматтарға алғысын жеткізіп, елімізде әрдайым тыныштық болсын деген ниетін білдірді.
Айта кетейік, заманауи үлгіде салынған жаңа мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын «АКМ груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоба құны – 345 миллион теңгені құрайды. Біз мәдениет үйінің ішін аралап көрдік. Құрылыс жұмыстары өте сапалы деңгейде жүргізілген. Салтанатты шара соңында Ақыртөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Иманалиев пен ауыл ақсақалы Нұрмахан Жұмалиев жаңа мәдениет үйінің лентасын қиды.
Содан соң Тараздан келген делегация өкілдері аудандық кірістер басқармасының жанындағы саялы саябаққа қарай бет алды. Келдік бұл саябаққа да. Және тамаша көріністердің куәсі болдық.
Бұл көрініс облыстан келген делегация өкілдеріне де ұнағаны анық. Өйткені, барлығы үйлесім тапқан.
Ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар жарысы, салт-дәстүр бейнеленген этно ауыл көрінісі мен әр түрлі тақырыптық көрмелер болды. Ақшаңқан қазақ үйлер тігілді. Осының барлығынан бейбітшілігі жарасқан, татулығы қыр асқан, бірлігі бекем болып, ұлардай ұйып отырған халықтың тыныс-тіршілігін көрдік. Сездік. Түсіндік.
Облыстан келген делегация өкілдері барлығын тұтастай аралап болған соң, мерекелік салтанатты думан басталды. Думанды кеште аудан әкімі Ернар Есіркепов құттықтау сөз сөйледі. Ернар Серікәліұлы өз сөзінде:
– Барлықтарыңыз білесіздер, биыл Жамбыл облысының құрылғанына – 85 жыл толып отыр. Осыған орай, аймақ бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Соның бірі бүгінгі өтіп жатқан «Мәдениет – асыл қазынам!» атты байқау.
Бұл байқау былтыр да өткен болатын.
Осы байқауға бізді қолдап, қуаттап, ауданымыздан шыққан бірқатар өнер жұлдыздары да қатысып отыр. Осы сәтті пайдаланып Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбай, Жандарбек Садырбаев бастаған театр және кино актерлеріне, Гүлнұр Өмірбаева, Досымжан Таңатаров сынды эстрада жұлдыздарына шақыртуымызды қабыл алып, туған жердің мерейін көтеруге атсалысқандарыңыз үшін өз тарапымнан алғыс білдіремін. Елімізде әрдайым тыныштық болсын. Мәдениет саласы өркендей берсін, – деді. Одан кейін еліміздегі талай таңдаулы сериалдар мен киноларда, театр сахнасында әсерлі қойылымдарда ерекше рөлдерімен көзге түсіп, халықтың қошеметіне бөленген атақты актерлар Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбай, Жандарбек Садырбаев сахнаға шығып сөз сөйледі.
Олар да өз сөздерінде туған жердің қашанда ыстық екенін тілге тиек етіп, «Мәдениет – асыл қазынам!» байқауының ауданымызда жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
Содан кейін концерттік бағдарламаға кезек келді. «Батырлар жерін қорғаған, Абыздарын халық қолдаған» композициялық театрландырылған көрінісі көрермен көңілінен шықты. Аудан өнерпаздарының да көрсеткен өнерлеріне аудан тұрғындары ерекше ықыластарын көрсетіп отырды.
Әсіресе, эстрада жұлдызы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Досымжан Таңатаров сахнаға көтерілгенде халықтың қошеметінде шек болмады. Досымжан Таңатаровтан кейін ән салған елімізге танымал тағы бір өнер жұлдызы, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, жерлесіміз Гүлнұр Өмірбаева ән шырқаған кезде де халықтың қошеметі ерекше болды.
2004-2007 жылдары хитке айналған «Сен менің бақытымсың», «Сүйіктіме» секілді әндерді орындаған «Жігер» тобы сахнаға көтерілгенде жастардың қошеметі зор болды. Жалпы, осы байқауда, яғни Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет күнінде ән шырқаған барлық өнерпаздардың өнеріне жиналған қауым тәнті болды деген ойдамыз. Біз де риза болдық. Сөзіміз жоққа шықпас үшін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановтың пікірін де жазып өтейік.
«Бүгін керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз.
Өз басым риза болдым. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Жаңа ғана өзіміз көріп шыққан ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар жарысы, салт-дәстүр бейнеленген этно ауыл көрінісі мен әр түрлі тақырыптық көрмелердің барлығы маған ұнады. Елімізге белгілі әншілер Досымжан ініміз бен Гүлнұр қарындасымыз да келіп, туған жеріне деген ілтипатын білдіріпті. Осының барлығы облыстан келген делегация өкілдерінің көңілдерінен шығады деп ойлаймын» – деді Қожайхан Қазыбайұлы..
Біз мақаламыздың басында осы іс-шараға «Атқарушы билік өкілдерінен бастап, түрлі деңгейдегі мекемеде қызмет істейтін қарапайым қызметкерлерге дейін тайлы-тұяғымен атсалысты» – деп жазған едік. Ол расымен де солай. Осы іс-шараны өткізу үшін қаншама энергия кетті. Қарбалас дайындық. Аудан әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшіден бастап, ауылдық округ әкімдері, білім, мәдениет, спорт салаларында қызмет істейтін қаншама адам жүр осы іс-шараның маңайында. Ұйымдастырушы тараптың, яғни аудан әкімдігінің ұсынысын жерге тастамай, туған жерге келіп ән салған Досымжан Таңатаровқа да, Гүлнұр Өмірбаеваға да, «Жігер» тобына да ерекше алғыс. Осындай жоғары дайындықтың барлығы ескеріліп, «Мәдениет – асыл қазынам!» атты облыстық байқаудан жүлде еншілеп жатсақ, оны да газет оқырмандарының назарына жариялайтын боламыз. Ал, мақаламыздың негізгі түйінін ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейсен Қожекенің «Киелі менің – Құланым» өлеңімен қорытындылаймыз..
Киелі менің – Құланым
Сұлутөр таудың етегі,
Махалла шаһар кешегі.
Шаншар хан салған қамалды,
Сәулетті қала деседі.
Қайырмасы:
Киелі менің – Құланым,
Қонысы жайлы тұрағым.
Тәбәрік болсын өзіңе,
Бәсіре баулы бұл әнім.
Шөлдеп бір сусын сұрадым,
Шәрбәт қой кәусар бұлағың.
Мың кісі келіп, бір күнде,
Мың кісі кеткен Құланым.
Қайырмасы:
Бесігім бала кездегі,
Ай қала аспан, жердегі.
Алысқа ұзап кетсем де,
Түсімде көрем мен сені.
Қайырмасы:
Жасарған жаңа Құланым,
Сөнбесін мәңгі шырағың.
Жерұйық іздеп қайтемін,
Жұмақтай жерде тұрамын.
Газеттің арнайы беттерін әзірлеген Марат Диханбай.