Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады

102 Views

Жылдағы өткізілетін дәстүрлі тамыз кеңесінің ұстаздар қауымы үшін алар орны ерекше. Себебі кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы сараланып, жаңа оқу жылының мақсат-міндеттері айқындалмақ. Дәстүрлі тамыз кеңесі қарсаңында біздің газеттің тілшісі аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Свановқа жолығып, сұхбат алған болатын. Сол сұхбаттың жазулы нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Мұратбек Айтымбетұлы, сіздің аудандық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалғаныңызға көп те болған жоқ. Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Дайындық қалай жүріп жатыр?
– Рахмет. Сауал өте орынды. Дұрыс айтасыз, менің бұл қызметке келгеніме көп те болған жоқ. Дегенмен, осы уақыт аралығында мектептердің барлығын аралап шықтым десем болады. Бүгінгі таңда Тұрар Рысқұлов ауданының білім бөлімінінің желісінде 39 мектеп бар. Оның 29-ы орта, 2-еуі негізгі, 8-і бастауыш мектеп. 24 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі және 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті балаларға тәрбие мен білім береді.
Өткен оқу жылында оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында Құлан ауылындағы «Арай» алқабынан заманауи үлгідегі 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, орта білім беру ұйымының желісі бір бірлікке артып отыр. Жаңа оқу жылына дайындық барысы ойдағыдай жүріп жатыр. Сәтін салса, биыл да ауданымыздан облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері шығады деп сенемін.
– Осы ретте мектепке дейінгі білім берудің де жайын сұрай кетсек?
– «Бала тәрбиесі бесіктен басталады» деген халық даналығына сүйенсек, 1 мен 6 жас аралығындағы балаларға білім және тәрбие беретін мекемелердің маңызы зор. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру» бағдарламасы бойынша 2023 жылғы 2-6 жас аралығындағы қамту үлесі 93,2% және 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үлесі 100% көрсеткішті құрайды. Тәрбие мен білімнің алғашқы діңгегі мектепке дейінгі мекемелерде беріледі десек, білім саласындағы өзгерістер тәрбие мен білімнің ерте жастан қалану керектігін меңзейді.
Бүгінде мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын сөздің біріне айналды. Ендеше, мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру.
– Біз білеміз, білім саласына көп қаражат бөлінеді. Тегінде ол дұрыс та. Себебі баладан ештеңе аямау керек…
– Сіз өте дұрыс айттыңыз.Білім саласына бөлінген қаржы – болашаққа жасалған инвестиция. Ал адами капиталға жұмсалған инвестициялар, соның ішінде білім беруге, әсіресе, ерте жастан бастап есейген шаққа дейінгі оқыту – экономикалық көрсеткіштер мен қоғамның әлеуетіне айтарлықтай үлес қосары анық.
– Өткен оқу жылынан бастап, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып жатыр. Бұл жөнінде нендей ақпарат айта аласыз?
– Иә, өткен оқу жылынан бастап, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылып жатыр. Былтыр оған бюджеттен 155 млн. 790 000 теңге бөлінсе, жаңа оқу жылында 335 млн. 457 000 теңге қарастырылып отыр.
– Мұратбек Айтымбетұлы, мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі – оның жан-жақты білімімен, ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгерумен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. 2023-2024 оқу жылында аудан педагогтері қандай жетістіктерге жетті?
– 2023-2024 оқу жылында аудан педагогтері облыстық, республикалық конкурстарда жүлдегер болды. Атап айтқанда, 12 педагог халықаралық, 23 педагог республикалық, 31 педагог облыстық конференцияларға педагогикалық оқуларға қатысса, 24 педагог облыстық шығармашылық және кәсіби байқаулардан жүлдегер атанды. 65 педагог республикалық қашықтық олимпиадаларынан, 2 педагог республикалық кәсіби шеберлік конкурсынан жүлделі орынды иеленді. Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Ахметбекова республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінен» жүлделі ІІІ орын, Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Тәтібекова «Үздік педагог – 2023» байқауының жеңімпазы атанып, «2023 жылдың үздік педагогі» атағымен қоса 3 млн. 450 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.
Ал, өткен жылғы оқу жылында мектеп оқу­шы­лары­ның олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарындағы жетістігі, яғ­ни білім сапасының нәтижелі көр­сеткіші қалай болды?
– Өткен оқу жылы шәкірттеріміз үшін де жетістіктерге толы жыл болды. 191 оқушы облыстық олимпиадаларға қатысып, 85-і жүлделі орындарды, 62 оқушы республикалық олимпиадаларға қатысып, 28-і жүлдегер атанды. Ал түрлі шығармашылық бағыттағы байқаулардың облыстық кезеңіне 325 оқушы қатысып, 193-і жүлделі орындарды иеленсе, республикалық кезеңіне қатысқан 18 оқушының 10-ы жүлдегер атанды.
Бүгінгі таңда білім мен ғылымға қояр талап артып, педагогтарға артылар жүк еселене түсуде. «Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады», демекші, нағыз ұстаз шәкірт жанына үңіліп, білгенін ерінбей үйретіп, дұрыс жолға сала білуі тиіс. Міне, азаматтық болмысы, кәсіби біліктілігі осылай сомдалған маман ғана әлеуметтің әлеуетті шырақшысына айналып, адами капиталды дамытуға сүбелі үлес қоса алады.
– Мұратбек Айтымбетұлы, соңғы сұрақ болсын. Әріптестеріңізге айтар лебізіңіз болса, жазуға біз дайын…
– Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында қажырлы, өлшеусіз еңбектеріңіз әркез жемісті бола берсін. Шығармашылық игі бастамаларыңызға, педагогикалық ізденістеріңізге жаңа серпін, зор табыстар тілеймін. Жаңа оқу жылы баршаңызды жаңа жетістіктерге жетелесін, – дегім келеді.

Сұхбаттасқан Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: