«Сот кабинеті» сот жұмысының ашықтығын жетілдіре түседі
Сот кабинеті сот органдарының сервисіне электронды түрде кіруге арналған терезесі. Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде қойылған сот ісін жүргізу процесінде ақпараттық технологиялар енгізу туралы міндеттерді орындау мақсатында ҚР Жоғарғы Соты «Сот кабинеті» электрондық форматын әзірледі. Бұл – сот құрылымында қолға алынған реформалардың заманауи технологияның бірі.
Пайдаланушы «Іс құжаттары бойынша құжаттар» бөлімі арқылы пікір, қарсы талап арыз, сот процесінің хаттамасына ескертулер, атқару парағын жолдау туралы өтініш, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыз, сот актілерінің көшірмелерін (телнұсқасын) беру туралы арыз және осы секілді басқа да өтініштер бере алады. Пайдаланушы талапкер туралы деректерді (жеке немесе заңды тұлғалар үшін) және жеке немесе заңды тұлға болып табылатын жауапкер туралы деректерді толтырады. Егер бірнеше адам талапкерлер немесе жауапкерлер болса, олардың әрқайсысы туралы ақпарат көрсетіледі.
«Төрелік», «Сот кабинеті» және сот отырыстарының аудио-бейне жазбасын біріктіру жүйесі соттың ашықтығын қамтамасыз етудің бір құралы болып табылады. Аталған жүйені енгізу сот жүргізуі процесін толықтай ашық, айқын етеді және кез келген процессуалдық бұзушылықты жоққа шығарады.
Қазіргі таңда азаматтардың арасында «Сот кабинеті» арқылы электрондық талап-арыз беру кеңінен қолданылуда. Бұл «Сот кабинетінің» пайдаланушылары үшін өте қолайлы әрі ыңғайлы екендігін көрсетеді.
«Сот кабинеті» сервисінің веб нұсқасы мен «Сот кабинеті» бағдарламасының мобильдік қосымшасы сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығын жетілдіре түседі. Халықтың сотқа деген сенімін одан сайын арттыру мақсатында осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
М.Нүсіпәлі,
аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы.