5 кілем сыйға тарту етті
Дана қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ғибратты сөз бар. Осы тәмсілден өнеге алған адал жүректі, қайырымды азаматтар өздерінің туған жеріне жақсылық жасап, кәде-сыйлар тарту етіп жатады. Сондай кәде-сыйдың бірін Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген, осы күні Алматы облысы, Талғар ауданына танымал азамат әрі жеке кәсіпкер Нәдірқұлов Рустам Қайыпжанұлы өзі туып өскен Жаңатұрмыстағы «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасына дәл мына суреттегідей бес кілем тарту етті.
«Құлыншақ» бөбекжай бақшасында 5 топ бар. Осы 5 топта 115 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл бөбекжай-бақшада жалпы саны 37 адам еңбек етеді.
Әлбетте бала тәрбиелеу ісі – оңай емес. Жайшылықта жүріп, оны түсінбеуіміз мүмкін. Бірақ бұл жұмыстың қыр-сырын бөбекжай-бақшадағы тәрбиешілер жақсы біледі. Осы еңбектің қадірін бағалап, жеке кәсіпкер Рустам Қайыпжанұлы өзі дүниеге келген ауылдағы «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының ұжымына кілем сыйлап отыр. Осындай кәде-сый тарту еткен атымтай жомарт азаматқа «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі қызметін уақытша атқарушы Қазыбаева Гаухар Ерсенқызы ұжымның атынан өз алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Марат Аятберген.