Үлкенін үлгі тұтқан отбасы

898 Views

Еліміз егемендігін алған жылдан бері Елбасымыз ғылым мен білімнің дамуына үлкен мән беріп келеді. Ел Президентінің бұл бастамасы білім мен ғылым саласына серпіліс әкелгендей. Оны ауданымызда тұратын шағын ғана отбасының жеткен биігінен-ақ аңғаруға болады.

 Қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімімен аталатын ауданның Құрметті азаматы Бармақ Орынбаевты бүгінде білмейтін жан жоқ шығар, сірә! Ұзақ жылдар бойы аудандағы сан түрлі жұмыстарды атқарған ақсақал өскелең ұрпаққа үлгі болар азаматтардың бірі.

Бармақ Орынбайұлы 1939 жылдың 18 наурызында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданына қарасты Әбжапар ауылында дүниеге келген. 1945 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1955 жылы Ақыртөбе орта мектебін үздік аяқтап, сол жылы Алматы малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Аталмыш жоғары оқу ордасын 1960 жылы тәмамдап, 1971 жылға дейін «Восток» пен «Каменка» малдәрігерлік бөлімшелерінде меңгеруші, бас малдәрігері, колхоз бастығының мал шаруашылығы бойынша орынбасары, 1981-1986 жылдар аралығында «Восток» колхозының басқармасына басшылық етеді. Сонымен қатар, аудандық малдәрігерлік зертханасының директоры, бөлім бастығы, малдәрігерлік инспекторы сынды қызметтерді де абыроймен атқарады.

Бармақ ақсақалдың білім мен ғылым саласына қосқан үлесі орасан зор. Ол кісі 2003 жылдан бастап, 2016 жылға дейін аудандағы Құлан ауылшаруашылығы колледжінде дәріс беріп, агроөнеркәсіп саласына қажетті мамандар дайындады. Одан бөлек 90-ға жуық еңбегі мен бірнеше кітаптары жарық көріп, агро саланың дамуына өз септігін тигізді. Соның нәтижесінде еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, екі рет «Социалистік еңбек екпіндісі» медальдарымен марапатталған.

Көпті көрген қария бізге берген сұхбатында «Менің отбасымда 6 балам бар. Барлығы да үйлі-жайлы, жоғары оқу орнын бітірген, өз ісінің нағыз мамандары. Бүгінде еліміздің әр өңірінде қызмет етіп жүр. Үлкен ұлым ғылым жолында жүр. Оған өткен жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен профессор атағы берілген болатын. Ал, биыл дәл осы жетістікке келінім Куляйсан да қол жеткізді. Аталмыш ғылыми атақ үстіміздегі жылдың 27 маусымында білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен берілді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш» -деп жағымды жаңалығымен бөлісті.Айта кетер бір жайт, Куляйсан Сұлтанқұлова молкулярлы биология, генді инженерия, генді диогностика, микология, токсикология салаларында жоғары маман саналады. Куляйсан Тұрлыбайқызы бүгінде елімізбен қатар, Ресейде, Германияда және АҚШ-та өткізіліп жүрген халықаралық ғылыми конференцияларға тұрақты түрде қатысып тұрады.

Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған бұл сөз жай жаттанды нақыл еместігіне Бармақ ақсақалдың немересі Данияның жеткен биігі дәлел бола алады. Жуырда Дания еліміздегі маңызы жоғары сайыстардың бірі – UСMAS менталды арифметика Халықаралық бағдарламасы бойынша VІ республикалық жарысының Visual Competition сайысында Intermediate B деңгейінде жеңімпаз атанған. Дүбірлі доданы жеңіп алғаны үшін Дания Мұхитқызына І дәрежелі диплом мен арнайы кубок табыс етілген болатын. Осы жарыстың қорытындысына сәйкес Халықаралық байқауға жолдама алған Дания жуырда Малазияның Куала-Лумпур қаласында UCMAS ментальды арифметикадан өткен жарыста жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

Бұдан үлкенін үлгі тұта білетін Орынбаев әулетінде тағы да бір профессордың өсіп келе жатқандығын аңғарамыз.

Ал, біз өз кезегінде ғылым мен білімді серік еткен әулеттің қуанышымен ортақтаса отырып, алдағы уақытта да толағай табыстарға жете берулеріне шын жүректен тілектеспіз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: