Отбасылық сот – татуластырудың тиімділігі
Отбасын сақтаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау. Қазіргі уақытта жас отбасылардың арасында ажырасу, алимент төлеуден жалтарған әкелер кейінгі жылдары тым көбейіп кеткен. Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда отау құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады.
Ерлі-зайыптылардың ажырасу себептері: өзара түсініспеушілік, байланыс және терең қарым-қатынастың болмауы, зорлық-зомбылықтың орын алуы, өзімшілдік, өз қателіктерін мойындауға қабілетсіздігі, ерлі-зайыптылардың біреуінде отбасылық құндылықтардың болмауы, әлеуметтік-экономикалық проблемалардың орын алуы. Отбасы бұзылған кезде әрдайым балалар зардап шегеді.
Қазіргі уақытта сот отбасын сақтап қалу және дау-жанжалдан арылмай жүрген ерлі-зайыптыларды татуластыру үшін процестің барлық сатыларында тараптардың татуласуына барлық шараларды қолданады.
Тараптар татуласу рәсімдеріне қатысуға келісіп, шақыруды қабылдаған жағдайда, татуластыру рәсімін жүргізуші судьяның психологпен және билер кеңесінің мүшелерімен бірлесіп ерлі-зайыптылардың арасында орын алған жанжалды шешуге бағытталған жұмыстар жүргізеді.
Отбасы – ынтымақ пен берекенің алтын қазығы. Отбасын сақтау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн.
С.Узбеков, аудандық соттың судьясы.
