Жақсы жаңалықтар жетерлік

91 Views

Мемлекет басшысының мақсаттары қай кезде де маңызды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр бастамасына, шешімдері мен сұхбаттарына назар аударып отырамыз. Қасым-Жомарт Кемелұлының жылдың алғашқы күнінде республикалық «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын оқып шықтық. Президент өзінің бұл сұхбатында да әр сұраққа байсалды да, сабырлы жауап беріп, қалың жұртшылықтың көкейінде жүрген біраз мәселені кеңінен қозғап өтті. Мемлекет басшысы атап өткендей, жыл ішінде еліміз бойынша 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынуы – мемлекеттің зор мүмкіндігі. Ел диқандарының 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізгені айтылды.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясын­да төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және сала қызмет­керлерінің жалақысы көбейді. Оны күнделікті көзімізбен көріп отыр­­мыз. Президент былтырғы көктем­де болған су тасқыны кезіндегі тұрғын­дардың ауызбіршілігін ерекше атап өтті.
– «Менің басты мақсатым – мемле­ке­тіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық арена­дағы орнын нығайту. Мемлекет бас­шысы болған сәттен бастап, қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін барлық жауап­кершілікті өз мойыныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді. Қазақстанға қуат­ты атом стансасы қажет екені анық. Мен бұған сенімдімін. Оған қоса таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салу қажеттігін жоққа шығармаймын. Қазақстан ядролық энергетикасы дамы­ған елге айналуы қажет деп санаймын», – деп атап өтті Президент.
Мен облыс көлемінде басшылық қызметтерде болған тәжірибеме сүйене отырып, Президенттің бастамаларын толық қолдаймын. Былтыр Түркия мемлекетіне барып, салынып жатқан ауқымды атом электр стансасын көзімізбен көрдік. Соның аясында жаңа қалалар, жүздеген жаңа жұмыс орындары пайда болған. Мемлекетті энергиямен қамтудың мүмкіндігі өз алдына. Осы бағытта Мемлекет басшысы аянбай еңбек етіп келеді. Жастарға зор сенім артуы, жемқорлықпен күрес жолындағы табанды еңбектері қай кезде де құрметтеуге лайық.
Қорыта айтқанда, Президенттің сұхбаты барша тұрғындармен сырлас­қандай әсер бергені бір бөлек, атқары­лып жатқан жұмыстарды кеңінен түсіндіруімен де зор маңызға ие бол­ды. Президенттің мақсаттарына сене отырып, жақсы бастамаларын көрдік. Көрдік те мемлекетіміздің кемел келе­шегі үшін қуандық.

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
«Жаңа – Ру» республикалық қоғамдық
бірлестігі Жамбыл облысы бойынша
филиалының директоры.

Поделиться ссылкой: