Аппараттық кеңесте жастар мәселесі қаралды

61 Views

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев өз баяндамасында ақпараттандыру саласы, діни ахуал, көрнекі ақпараттық құралдардың орналасуы, ардагерлер, әкелер және аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың атқарған ауқымды шараларын жіпке тізіп берді.
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы бөлім басшысына ақпараттық саясатты кеңейту, көрнекі құралдарды талапқа сай орналастыру, бірлестіктер мен ұйымдардың жұмыстарын жандандыру бағытында белсенді жұмыс істеуді тапсырды.
Ауданда 21 000-ға жуық жас бар. Бұл жалпы аудан халқының 30,2%-ын құрайды. Құлан агротехникалық колледжінде 589 жас білім алса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 365 жас бар. 2024 жылы 1 399 жас жұмысқа тартылған. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 ауылдық округтен 91 жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, қайтарымсыз грант алған жастар саны – 23. Ең бастысы, пәтерге қол жеткізген жастардың қатары артқан. 2024 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 54 маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 19 жас маман үймен қамтамасыз етілген. Ал «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша 2 жас отбасы үйлі болды. Бұл мәліметтердің барлығын аппараттық кеңесте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ерболат Жәдік мәлімдеді.
Аудан басшысы орталық директорына NEET санатындағы жастардың санын азайту, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жиын соңында өзге де мәселелер қаралып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: