Тереңөзектің Кемелі

67 Views

Біздің бүгінгі «Еңбек адамы» айдарымыздың кейіпкері – Тереңөзек ауылдық клубының меңгерушісі Дабылбеков Кемел Кеңесұлы. Бәзбір адамдар бар, кез келген марапат алса болды, редакцияға «шауып» келеді. Бір адамдар бар, редакцияға келмесе де «әлдекімдер» арқылы байланысқа шығып, өздері туралы мақала жазылғанын қалайды. Ал енді бір адамдар бар, ешкімде шаруасы жоқ, өзінің жұмысын беріліп істейді, яғни жауапкершілікті жете түсінеді, өсек-аяңнан алыс, көздегені тек қана еңбек. Бұндай адамдар аз әрине. Сол аздың қатарына біз Кеңесұлы Кемелді де қосар едік.

Кемел Кеңесұлын біз өзіміз аттай қалап Тереңөзектен арнайы шақырып, әңгімеселіп, содан түйген ойымызды мақала қып жазып отырмыз. Жазған мақалаңда да сөзді оңды-солды ойнатып, құбылтып жаза бермейсің ғой. Әлгінде жазған сөздерге лайық, соған сай адам болса ғана сөз өздігінен жүректі жарып шығып, жазыла береді. Кемел Кеңесұлының адами болмысын жазарда дәл сондай күй кештік. Сөз өздігінен шыға берді, шыға берді.
Кемел Дабылбековтің мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқанына 31 болыпты. Ол қандай іс-шара ұйымдастырса да, жауапкершілік жүгін сезініп, бастаған іске немқұрайды қарамай, оны жұп-жұмыр қылып өткізеді. Оны талай рет көзіміз көрген. Соның бірі деп жезтаңдай әнші, қазақтың мақтанышы болған Роза Бағланованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараны айтсақ болады. Айтпақшы, Тереңөзек ауылдық клубы 2014 жылы облыстық «Ең үздік мәдениет үйі және ауылдық клуб» байқауына қатысып, бас жүлде иеленген болатын. Бұл жерде де Кемел Кеңесұлының еңбегі көп. Кемел Кеңесұлы домбыра, синтизатор, баян, гитара секілді аспаптардың тілін шебер меңгерген.
Оның әкесі Кеңес ақсақал да кезінде мектепте, ауылда көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, шәкірт тәрбиелеп, сан мәрте аудан абыройын облыстық байқауларда асқақтатқан. Кеңес ақсақал 40 жыл өмірін ұстаздық қызметке арнаған. Дабылбековтер отбасы сонау 2001 жылы облыстық «Ұлағатты ұстаздар әулеті» байқауына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленген. Кемел Дабылбеков те әкесінен өнеге алып, өнер жолын қуды. Өзінің де 3 баласы аспаптарда ойнайды. Үлкен ұлы – гитарада, екінші ұлы – барабанда, үшінші ұлы – қазақтың ұлттық аспабы домбырада ойнайды. Музыканың тілін білген бала ешкімге жаманшылық ойламайды, бұзақы әдеттерден ада болады. Себебі өнердің құдіреті сондай. Өнер – адам баласын адалдыққа, адамгершілікке, кішілікке тәрбиелейді.
Осындай өз жұмысына берілген адамның шәкірттері болмауы мүмкін емес қой. Біз оны да сұрадық кейіпкеріміздің өзінен. Естеріңізде болса, сонау 2000 жылдардың басында ауданда «Құлан жұлдыздары», қалада «Тараз жұлдыздары», «Әнші балапан» деген байқаулар өтетін. Кемел Кеңесұлының шәкірттері осы байқауларда топ жарды. Олардың қатарында Шолпан Құдабаева, Жазира Үсейін, Ақжол Бейсен, Айдана Айтқұлова секілді шәкірттері бар. Ал «Ғұмырдария» «Самғау жұлдыз» атты республикалық байқауларда Еркебек Ұлдана есімді шәкірті жеңімпаз болған. Ұлдана Еркебек елімізге белгілі әнші Майра Ілиясованың продюсерлік орталығында құрылған «Ұлы дала қыздары» тобында ән де айтқан. Айтқазы Жалғас есімді шәкірті Грузия елінде өткен байқауда лауреат болды. Қазіргі таңда Жамбыл атындағы орта мектебінде 11 сыныпта оқитын Сағаділда Нұрдәулет есімді шәкірті де республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері. 9 сыныпта оқитын Жәния Амангелді де көптеген байқаулардың жеңімпазы. Осы шәкірттерінің барлығы да Кемел Кеңесұлын сыйлайды, құрметтейді, еңбегін бағалайды. Әңгіме үстінде біз Кемел Кеңесұлынан қандай да бір ұсынысы бар ма, жоқ па, соны сұрадық. Ол «Қазір өкінішке орай жас әншілердің көбісі фонограммамен ән айтады. Ән жанды дауыста шырқалуы керек. Мерекелік іс-шараларда фольклорлы аспаптардың сүйемелдеуімен әндер шырқалуы керек. Сахнада ұлттық өнер дәріптелуі қажет. Содан соң жастар газет-журнал, кітаптарды ұдайы оқуы керек. Сонда өнерге деген көзқарас та басқаша болар еді. Мәселен, біздің жас күнімізде сыныбымызда кемінде 3-4 бала белгілі бір аспапта ойнайтынбыз. Қазір олай емес. Осы жағына да көңіл аударғанымыз абзал. Сондықтан оқушыларды өнерге баулығанымыз жөн. Одан бала жаман болмайды» дейді кейіпкеріміз.
31 жыл мәдениет саласында еңбек еткен адамның «марапаты қане?» деуі мүмкін бәзбіреулер. Кемел Кеңесұлы марапаттан кем емес. Нағыз еңбек адамының еңбегі қашанда ескерусіз қалмайды. Кемел Кеңесұлы «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен және «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалімен де марапатталған.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: