Тергеу судьясы
Тергеу судьясы – сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында қылмыстық-процестiк кодексте көзделген өкiлеттiктердi жүзеге асыратын бiрiншi сатыдағы сот судьясы. Оны аудандық сот төрағасы тағайындайды. Ол қылмыстық-процестiк кодекстiң 55-бабына сәйкес, күзетпен ұстауды, үйқамақты, лауазымынан уақытша шеттетудi, жақындауға тыйым салуды, экстрадициялық қамақты, мүлікке тыйым салуды санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзiмдерiн ұзарту, кепiлдi қолдану; күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, мәйiттi эксгумациялау, күдiктiге, айыпталушыға халықаралық iздеу жариялау мәселелерiн қарайды.
Бұл ретте тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы етеді.
Сондай-ақ, азаматтар тергеу соты арқылы қылмыстық процестік кодексінің 106-бабына сәйкес, шағым беру арқылы өз құқықтарын қорғай алады. Шағымды тергеу судьясы үш күн ішінде сот отырысын өткізбей жалғыз қарайды. Заңды және дәлелді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды тексеру қажет болған жағдайда тергеу судьясы шағымды он күн мерзімде соттың жабық отырысында тиісті тұлғалардың қатысуымен қарайды.
С.Узбеков,
аудандық соттың судьясы.