45 жыл – сахнада
Ашығын айтайық, қолдан өнер жасағыш білгіштер бүгінгі таңда өнер айдынын «бизнеске» айналдырып алды. Жаңалық ашқыш әншісымақтар көбейсе, ұлы өнердің қадірі кетті дей беріңіз. Бізге осының керегі қанша?.. Ал «Осыдан кейін еліміздегі өнер саласы қалай дамиды?». Біздің ойымызша, өнер ұлтқа қызмет етуі тиіс. Музыканың және сөздің қадірі кеткен кезде, өнердің де өрісі тарылады. Әрдайым осыны ескеруіміз керек. Біздің айтайын деп отырған ойымызды заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөзінен де аңғаруға болады. Ол «Өнер ұлы болмай, ұлт та ұлы болмайды» деген екен. Жүрекке қозғау салатын сөз. «Бірақ осыны ескеріп жатқан кім бар?» деген сауалға келгенде, жауап таппай қиналушы едік. Жоқ. Бар екен. Бұл сөзімізді өткен жұмада болған аудандағы ән әлемінің жұлдыздары «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің 45 жылдық мерейтойлық концерті қуаттай түсері анық.
Жалпы «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің шығармашылығымен аудан жұртшылығы жақсы таныс болса керек-ті. Сонау 1970 жылдардағы «Дос Мұқасан» ансамблінің еліміздегі атағы қалай дүркіресе, 1980 жылдары «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің де атақ-даңқы ауданда солай дүркіреді. Бірлік Срайлов, Ерлік Шабеев, Мұрат Жайлыбаев, Болат Жақсылықов, Ермахан Сегізбаев сынды талантты азаматтардан құралған «Сұлутөрдің» жігіттері сол дәуірде қыз-қырқынның көз құртына айналды. Халық алақанына салып, әлпештеді. Қошемет сөздердің барлығы «Сұлутөрге» арналатын. Аудандағы кез келген мәдени іс-шара «Сұлутөрдің» қатысуынсыз өтпейтін. Бүгінде сол бір кезеңдерде атағы аспанға қалықтаған «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің құрылғанына табаны күректей 45 жыл толды.
«Уақыт – зымыран» деген рас. Адам баласы мәңгілік жас болып та қала алмайды. Бұл күндері «Сұлутөрдің» құрамы өзгерген. Дегенмен қазіргі құрам мен ансамбльдің негізін қалаған аға буын өкілдерінің арасында сыйластық бар.
Мэлс Өзбеков атындағы аудандық үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің 45 жылдық «Сағындырған әсем әндер-ай» атты концертіне аудан әкімі Ернар Есіркепов пен оның әр салаға жауапты орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов қатысып, құрметті қонақтар қатарында отырды. Ансамбль мүшелерінің өнеріне құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің ықылас гүлі де сахнаға қойылды. Концертте мәнді де мағыналы есті әндер шырқалды.
«Сағындырған әсем әндер-ай» атты «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің концертіне қатысқан өнер сүйер қауым ансамбльдің алғашқы құрамының да өнерін тамашалап, есті әндер тыңдап, ностальгиялық шақты еске түсіріп, емен-жарқын көңіл-күймен жылы лебіздерін айтып тарқасты.
Марат Диханбай.
