Ұлт рухының ұясы – ауыл анасы

211 Views

Сәрсенбі күні Луговой ауылындағы «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасында дәл осындай тақырыпта іс-шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы, аудандық аналар кеңесінің мүшелері Ғалия Өтеулиева, Есенкүл Мұхтарова, Ұлту Жайлышева, Клара Серікбаева, Алтынкүл Адилова және Бақыт Мырзалиева қатысты. Айта кетейік, біз бұған дейін де аудандық аналар кеңесінің бастамасымен өткізіліп жатқан осындай іс-шараларды жазғанбыз.
«Алтын сақа» бөбекжай-бақшасында 280 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Бұл аудан аумағындағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен бөбекжай-бақшасы десек болады. Бөбекжай-бақшаның ішін аралап көрген Қайрат Әбілханұлы мен аудандық аналар кеңесінің мүшелері мектепке дейінгі білім беру нысанының материалдық базасымен толықтай танысып, оған көңілдері толатынын жеткізді. Содан соң осы бөбекжай-бақшада «Шебер қолдар» қолөнер үйірмесінің ашылу рәсімі өтіп, оның лентасын аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова мен аудандық аналар кеңесінің мүшесі Ғалия Өтеулиева салтанатты түрде қиды. Одан кейін жоспарлы іс-шара басталды. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы алғы сөз сөйлеп, ашып берді.
Іс-шарада «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Эльмира Әлімбаева «Ұлттық құндылық – ұлт тәрбиесі» деген тақырыпта баяндама жасады. Одан кейін «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. «Гүлдер» ересек тобының тәрбиеленушісі Айару Едик «Жеті қазына» әнін орындады. Содан кейін «Нұршуақ» ересек тобының анасы мен тәрбиеленушілері «Текемет басу», «Құлыншақ» орта тобының анасы мен тәрбиеленушілері «Сұлулық сыры» көріністерін, «Балбөбек» кіші тобының анасы мен тәрбиеленушілері «Ұлттық ою өрнектер» дәстүрден тыс сурет салу өнерін көрсетті. «Балдәурен» ересек тобының тәрбиеленушілері де «Кім тапқыр» танымдық ойынында өздерінің тапқыр бүлдіршін екендіктерін көрсете білді. Іс-шара соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, сондай-ақ, шараға қатысқан аналар кеңесінің мүшелері өздерінің жеке-жеке пікірлерін білдіріп, сын ескертпелерін де айтты.
Сондай ескертпенің бірі «Осындай іс-шараларға ата-аналар көптеп қатысса…» деген пікір болды. Бекітілген тақырып – «Ұлт рухының ұясы – ауыл анасы» болғандықтан, іс-шарада тақырып аясы кеңінен ашыла қоймағандығын да аналар кеңесінің мүшелері өз сөздерінде ашық айтты.

М.Аятберген.

Поделиться ссылкой: