Шапағаттың түрлері қандай?
Барша-мызды Өзінің Пайғамбары Мұхаммедке с.ғ.с. үмбет қылған Алла Тағалаға сансыз мадақтар болсын. Шапағатынан үміткер болған Пайғамбарымыз Мұхаммедке с.ғ.с. салауаттар болсын!
Ең алдымен шапағат сенім мәселесіне жататындығын біліп алғанымыз дұрыс. Оны теріске шығаруға немесе қабылдамауға рұқсат етілмейді.
Имам Бұхари мен Имам Муслим риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Алдыңғы пайғамбарларға берілмеген бес нәрсе бар», – деп санап өтіп, оның ішінде шапағатты айтып өткен.
Имам Тахауидің «әл-Ақида әт-Тахауия» еңбегіндегі хабарларға сүйенетін болсақ, Пайғамбарымыз с.ғ.с. өз үмбеттері үшін сақтап қойған шапағаттары хақ әрі рас делінген. Имам Ағзам Әбу Ханифаның ақида, сенім мәселелерге қатысты пәтуаларының Ислам әлеміне жайылуына үлкен қызмет жасаған танымал тұлға Имам Матуриди: «Шапағат – үлкен дәлелдерге ие болған әрі өзіндік бір орны бар болған мәселелерден тұрады», – деген екен. (Имам Мәтуриди «Таухид» 463-бет).
Шапағат сөзінің тілдік мағынасы «панасына алу», «қорғаштау», «біреу үшін өзгеден жақсылық немесе өтініш сұрау», «Алланың кешірімі» деген мағыналарды білдіреді. Қазақ тілінде «Шарапат» деп те қолданыла береді. Шапағат ету – тек Алланың бұйрығымен ғана болатын іс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Ол күні Алла Тағаланың өзіне шапағат етуге рұқсат берген және сөзінен разы болған адамдардан басқаның шапағаты пайда бермейді», дейді. (Таһа сүресі 109 аят) Және тағы бір аятта, яғни Бақара сүресінің 255-ші аятында: «Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз ешкім шапағат ете алмас», делінеді. Құран аятының мағынасынан байқағанымыздай, қиямет күнінде біреу ортаға түсіп немесе біреуді біреу ақтай алмайды, тек Алланың рұқсаты болған адамдарға ғана шапағат бұйырылады.
Шапағаттың бірнеше түрлері бар, бұған Әһли сүннет уәл жәмәға ғұламалары бірауыздан келіскен. Ал енді Мұғтазила және басқа да түрлі ағымдар өкілдері түрлі қарама-қайшылық пікірлерде болған. Әуелі Пайғамбарымыз с.ғ.с. және шапағат етілушіге тиесілі болған шапағаттар түрлеріне тоқталып өтеміз.
Ең ұлық жоғары шапағат.
– Яғни барлық пайғамбарлар арасынан тек Пайғамбарымыз Мұхаммедке с.ғ.с. ғана тиесілі болған шапағат.
– Пайғамбарымыздың с.ғ.с. сауаптары мен күнәлары тең келіп қалған үмметтерін жәннатқа кірулері үшін шапағат етуі.
– Тозаққа әмір етілгендерді оған кірмеулері үшін жасалынатын шапағаттары.
– Жәннатқа кіргендердің дәрежелерін көтеру үшін жасалынатын шапағаттары. Мұғтазилалар шапағаттың тек ғана осы түрін растап, қалғандарын теріске шығарады. Ал әһли сүннет сенімінде шапағаттардың барлық түрлеріне қатысты түрлі сенімді әрі мутауатир хадистер келтірілген.
– Кейбіреулердің жұмаққа есеп-хисабсыз кірулері үшін жасалынатын шапағаттары. Бұған дәлел, бұл жайында Имам Бұхари мен Имам Муслим Укәша ибн Михсаннан риуаят етілген хадисті келтірген. Пайғамбарымыз с.ғ.с. Укәшаның хақысына дұға жасаған кезде, ол кісінің жұмаққа есепсіз кіретін жетпіс мың кісінің арасында болуын сұраған.
– Тозаққа кіргендердің азаптарының жеңіл болуын сұрайтын шапағаттары.
– Барлық мүміндердің жәннатқа кірулері үшін рұқсат берілетін шапағаттары. Әнастан риуаят етіледі, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Мен жұмаққа кіру барысында бірінші шапағатшымын» деді. (Муслим).
Одан кейінгі дәрежедегі шапағаттарға төмендегі сегіз түрлі шапағат иелерін жатқызуымызға болады:
– Әр Пайғамбарлардың өз үмметтеріне болатын шапағаттары.
– Періштелердің күнәһарларға болатын шапағаттары.
– Сәби, нәрестелердің өз ата-аналарына болатын шапағаттары.
– Алланың жолында шәһид болғандардың өз отбасыларынан жетпіс кісіге болатын шапағаттары.
– Мүміндердің бір-бірлеріне болатын шапағаттары.
– Құранды толық жаттаған қаридің өз отбасына болатын шапағаты.
– Құранның өз қариына (жаттаушысына) деген шапағаты.
– Оразаның ораза ұстаушыға болатын шапағаты.
Демек, ақыретте шапағатқа ие болу үшін дүниеде жамандықтардан сақтанып, жақсы амалдар мен ізгі істерді жасап, барлық тіршілік иелерімен көркем қарым-қатынаста болуымыз керек. Әсіресе сүннет амалдарға (мисуәк қолдану, тамақтан алдын және кейін қол жуу, үнемі дәретпен жүру, тақия киіп жүру, мұсылмандық хош иістер себініп жүру, сәлемді әшкере беру т.б.) терең мән беріп, орындап жүретін болсақ, Алла Елшісіне с.ғ.с. жиі салауаттар айтып жүретін болсақ, осылардың барлығы Пайғамбарымыздың с.ғ.с. шапағатына кенелуімізге үлкен септігін тигізеді.
Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
