Адам көркі – адал еңбек

87 Views

Кейбіреулерге газет шығару процесі оңай секілді көрінеді. Шын мәнісінде – олай емес. Үйде не болмаса емен есікті кабинетте отырып алып, «ананы сүйтіп жазу керек, мынаны бүйтіп жазу керек» деген ақыл айтқыш «мырзалар мен ханымдар», бұл сөзімізге иланбаса, келіп көрсін. «Мақаланы – оқу оңай, жазу – қиын» деп жазушы Әзілхан Нұршайықов айтқандай, жазу жағын айтпай-ақ қояйық. Сөз қадірін түсінетіндер болса, Әзағаңның сөзі біраз жайтты ұғындырып тұр. Газетті беттеуді айтсаңызшы. Қаншама мерзімді баспасөз беттерін ақтарып, ізденесің. Жазылған мақаланың тақырыбымен байланыстырып қаріп (шрифт) іздеуің керек. Газет кеш шығатын кездер болады кейде. Анау-мынау демей, жұрттар ұқсап кө-өө-өөп айлық алмаса да осының бәріне шыдап, біреудің ала жібін аттамай, адал қызмет етіп жүрген жанның бірі деп газетіміздің оператор-дизайнері Кабираева Перизат Жиенбайқызын айта аламыз. Әріптесіміз 35 жылдан бері аудандық газеттің сапалы әрі көркемдік тұрғыдан дұрыс шығуына өзінің үлесін қосып келе жатыр. 1988 жылдан бері осы ұжымда қызмет істеп келе жатқан Перизат Жиенбайқызының еңбегі зор. Сол жылдан есептесек, газетті қаншама редактор басқарды. Ол солардың ешқайсының да «қара тізіміне» ілінген жоқ. Барлығымен де қызметтес болды. Перизат Жиенбайқызы өзінен кейінгі біз секілді інілеріне қамқорлығын көрсетіп, ақылын айтып отырады. Жұмыстағы басты құндылық та сол емес пе?.. Перизат Жиенбайқызы өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адал, іскер, кішіпейіл нағыз еңбек адамы.

Тау баласы.

Поделиться ссылкой: