Неке қию залы ашылды
Бірер апта бұрын аудан әкімі Ернар Есіркеповтің аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталығына» барғаны естеріңізде болар. Онда аудан басшысы ғимараттың ішкі және сыртқы кейіпіне ерекше мән беріп, халыққа қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар өз ұсыныстарын жеткізген болатын. Әсіресе, аудандық АХАТ бөліміндегі неке қию залын көріп, оны барынша үлкен жерге көшіру идеясын тастаған еді.
Міне, араға аз ғана уақыт салып, «Неке қию» алаңы Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйіне көшірілді. Мұндағы бөлмеге жас жұбайлардан бөлек 20-дан астам адам емін-еркін сыйып, жастардың қуанышына ортақтаса алады. Екіншіден, некесін қиған жастар аудан орталығында суретке түсіп, өмірлеріндегі ең маңызды сәтті таспаға сақтауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, аталмыш алаң неке қию рәсіміне қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған.
Неке қию алаңының ашылу салтанатына қатысқан аудан басшысы бұл бастама тікелей аудан тұрғындарының өтініші аясында, яғни Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты Тұжырымдамасының негізінде жүзеге асқанын алға тартты. Осылай деген аудан басшысы салтанатты түрде неке қию алаңының кілтін аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Раушан Рахишеваға табыстады.
2023 жылы ауданда 244 жас шаңырақ көтерсе, былтыр 258 жас некелерін заңдастырған. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, қазіргі жастар үлкен той жасаудан гөрі маңызды сәтті осындай шағын форматта атап өтуді қалайды екен.
Қалай десек те, «Отан – отбасынан басталатыны» анық. Жаңартылған бұл зал мәселе түбегейлі шешілгенге дейін жас жұбайлардың махаббаты мен болашаққа деген сенімін нығайтуға арналған ерекше орынға айналады деп сенеміз.
Жәнібек Базылбек.
