Ақниет пен Құмарықта атқарылған тірлік көп

319 Views

Мемлекет басшысының №826 Жарлығына сәйкес, сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Ақниет ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұл 2025 жылға жоспарланған аудан әкімінің ең алғашқы кездесуі. Былтыр дәл осындай форматта аудан басшысы ақниеттіктермен екі рет кездескен болатын. Онда тұрғындарды толғандырған бірқатар мәселелер бақылауға алынып, бүгінде оның бәрі өз шешімін тапқан.

Жалпы Ақниет ауылдық округіне қарасты екі елдімекен бар. Оның бірі – Қонаевтың есімімен аталса, екіншісінің атауы – Әбілхайыр. Қос ауылдағы аула саны 295-ті құрайды. Ал тұрғындар санына келер болсақ, округте 1168 адам қоныстанған.
Шалғайда жатқан бұл ауылға барлық жағдай жасалған. Округтегі 14 көшенің барлығы дерлік ауыз сумен, көгілдір отынмен және көше жарығымен қамтамасыз етілген. Тек жолмен қамту жұмысы 80 пайызға жетіп отыр. Биыл ауылға апаратын жолды жөндеу жұмыстары да қолға алынбақ. Аудан әкімінің айтуынша, облыстық мәндегі жолды жөндеуге тиісті қаражат бөлініп, дәл қазір мемлекеттік сатып алу процестері жүргізіліп жатыр екен.
Ақниеттіктер әлеуметтік нысандармен де толық қамтылған. Онда іргетасы қаланғанына енді ғана 10 жылдан асқан мектеп пен емдеу мекемесі бар. Сондай-ақ, былтыр 75 балаға арналған «Зере» балабақшасы да кішкентай келушілеріне айқара есік ашқан. Ол аз десеңіз, былтыр ауылдағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, отқазандығы газға ауысыпты. Оған бюджеттен 90 миллионнан астам қаржы жұмсалған. Бұл ақпараттың барлығын жиында аудан әкімі Ернар Серікәліұлы кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ, аудан басшысы аудан аумағында өндіріс ошақтарының саны артып, отандық өнімнің қатары толығып жатқанын тілге тиек етті.
Жалпы 2024 жылы 5,8 миллиард теңгені құрайтын 45 жоба қаржыландырылған. Бүгінде оның 36-сы жүзеге асырылып, пайдалануға берілген. Жіпке тізетін болсақ, 4 ауыл ауыз сумен қамтылып, үш емдеу мекемесі ашылған. Сондай-ақ, лентасы қиылған жаңа нысандардың қатарында Ақыртөбедегі мәдениет үйі мен Жаңатұрмыстағы спорт кешені бар. Одан бөлек ауылшаруашылығы бойынша 2 жоба, жол жөндеу бойынша 23 жоба өз мәресіне жеткен.
Ақниеттегі жиын біржақты өткен жоқ. Тұрғындар да аудан әкіміне өз тілегін жеткізіп, ауыл аумағында өндіріс ошақтарын ашу, спорт үйірмелерін көбейту, көше жолын жөндеу және жарықшамдарды ауыстыру, ветеринария саласына қатысты сауалдар жолдады. Аудан әкімі Ернар Есіркепов барлық сұрақтарға жауап беріп, мәселелердің тез арада шешілуіне атсалысатынын айтты.
Кеше дәл осындай халықпен кездесу жиыны Құмарық ауылында да өтіп, онда да аудан басшысы Ернар Серікәліұлы аудан аумағында атқарылып жатқан толайым тірліктерді баяндап айтып берді. Мұнда да ауыл тұрғындары сауалдарын жолдап, тиісті жауаптар алды.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: