Ажар – қола жүлде иегері

103 Views

Ақпан айының 3-і мен 7-сі аралығында Шымкент қаласында кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Шымкенттегі ел біріншілігіне 17 облыстан өзге еліміздегі ең ірі Алматы, Астана, Шымкент секілді мегаполистерден де жасөспірім спортшылар қатысты. Осы жарысқа №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, білікті бапкер Есдәулет Құрмантаевтан тәлім алатын Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Ажар Бейбіт те қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болды. Кеше Есдәулет Құрмантаев редакциямызға келіп, осы қуанашты хабарды бізге айтып берді. Сосын біз лезде беттеліп жатқан газетімізге «Аламан» айдарын дайындадық.
Ажар Бейбіттің бокспен айналысып жүргеніне 2 жыл болыпты. Ажардың әкесі де спорттан алшақ адам емес. Яғни оның әкесі Дархан Абуталипов Луговой ауылындағы Максим Горький атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Есдәулет Құрмантаев шәкіртінің мүмкіндігін жоғары бағалайды. Жалпы бапкер Есдәулеттің шекпенінен шыққан шәкірттер әрқашанда аламанның алдыңғы сатысынан көрінген, көрініп те жүр. Сондықтан Ажардың да болашағынан көп үміт күтеміз. Ажардың осы жүлдесінен-ақ, оның алда әлі талай додаларда атой салатынына еш күмәніміз жоқ. Сосын Есдәулет Құрмантаев Ажардың отбасына, Ажар білім алатын Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің директоры Ербол Кайпулдаевқа жас жеткіншекті қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: