ҚҰРМЕТТІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУШЫ!
13 ViewsҚҰРМЕТТІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУШЫ! Егер Сіз 2026 жылғы 15 наурызда дауыс беру күні өзіңіздің тіркелген жеріңізден тыс жерге баратын болсаңыз, қалай дауыс бере аласыз? Ол…
Біздің барлық діни біліміміз, тәрбиеміз, парасатымыз бізді әдеп деген үлкен құндылыққа жеткізуі керек! Джалаладдин Румидің де айтқаны сияқты: «Ең басты діндарлық белгілі, ол – әдеп!. Дінге әдеп есігінен кірмесең ештеңе таба алмайсың!». Сондықтан да дінімізде болсын, халқымызда болсын әдептілік ең жоғары құндылық болып
саналады.
«Ізгілік (жақсылық) – көркем мінез-құлық. Ал жамандық болса, адамның арын мазалайтын нәрселер» (Мүслим, бирр,14) дейді. Міне ар мен әдептің арасында өте тығыз байланыс бар. Әдебі жоқ адамның арлы болуы қиын. Сондықтан да қазақ халқында: «Әдепті бала – арлы бала!» дейді. Қазақтың біртуар ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы да:
– Ар қайда, рахым қайда, әдеп қайда?!
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?!
Көз жұмып «көппен көрген ұлы той» деп,
Береді бұл надандық кімге пайда?–дейді. Бізді тежеуші, жолға салушы, тіпті біздің бағамызды арттырушы қасиет ол – әдеп.
Қазақ даласындағы баяғы медреселер өздеріне келген шәкірттерге алдымен әдепті үйреткен. Әдептің үстінде құрылмаған дін дұрыс сенім қалыптастырмайды. Әрбір саланың, отырыстың, қарым-қатынастың, тіпті әрбір айтылатын сөздің өз әдебі, қағидасы бар. Сондықтан да әдебіне сай жасалған әрекет, айтылған сөз, жасалған қарым-қатынас адамды ұятқа қалдырмайды. Ал осы әдепті көркем қылатын басқа да қасиеттер жетерлік. Ол – имандылық, ар, ұят, кішіпейілділік, адамгершілік т.б.
Имандылықтың басы – Құдайдан қорқу. Жаратқанның алдындағы әдеп жаратылыстың алдындағы әдеппен, имандылықпен өлшенеді. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық!» дейді. Себебі имансыз адамнан әртүрлі жауыздық келеді. Ал имансыз «іштегі кірді қашыру» мүмкін емес. Имандылықтың жалғасы «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек» екендігіне көз жеткізу. Сондықтан да «Мүмин болсаң, алдымен иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол» дейді Хакім Абай.
Пайғамбарымыз: «Адамдардың арасындағы ең қайырлы адам – адамдарға тілімен және қолымен зиян келтірмеген адам» дегендей, адам баласының әдебі артқан сайын өзгелерге зияны да азая бермек.
Сонымен бірге қазір жастар арасында салт-санамызға жат, адами құндылықтарға бөтен неше түрлі әдеттер мен теріс құндылықтар таралып жатыр. Есірткіге құмарлық, ішімдікке, шылымға мектеп жасынан талпыныс байқалады. Ал кез келген елдің болашағы бүгінгі жастар екені даусыз. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» (Абай) дегендей, ұрпақ руханияты сөз болғанда ұлттық-рухани құндылықтарсыз рухани болашағымыз бұлыңғыр болары сөзсіз. Сондықтан өзімізді де, жастарды да, балаларды да әдеп пен адамгершіліктен алшақтатпай, оларға жақсы тәрбие беру ең басты мәселе. Пайғамбарымыз (с.а.у.); «Бір ата-ананың балаларына қалдыратын ең жақсы мұрасы жақсы тәрбиесі» дегені осы болса керек.
Әдептің екі негізгі қайнар көзі бар деп есептеледі. Бірі адамның өзінің жаратылысынан туындайтын болса, екіншісі жаратушы тарапынан бекітілген қағидалар. Олай болса шынайы әдеп, адамгершілік діннің құндылықтарына қайшы келмейді. Ал діни құндылықтар мен қағидаттар адамның болмысына жат саналмайды. Демек технология қаншалықты дамып, өркениеттік талаптар артқанымен адам баласындағы адамгершілік, әдептілік құндылықтар ескірмейді. Білімділік пен атақ-абырой сияқты қол жеткізген жетістіктерімізбен бірге әдебіміз, адамгершілігіміз, кісілігіміз қатар жүргені абзал. Олай болмағанда өркениет адам баласын азғындықтан құтқара алмайды.
Мәшһүр Жүсіп:
– Бесінші қымбат нәрсе – әдеп деген,
Әдепсізде иман тұру ғажап деген.
Күпірлік әдептіде тұрмағандай,
Әдеп деген махаббатқа себеп деген, – дейді. Демек имандылықтың көрінісі әдептілікте жатыр. Әдептілік лайықты адамдарға көрсетіледі. Лайықсыз адамдарға көрсетілген әдеп, әлсіздік болып көрінуі мүмкін. Сондықтан да әрбір адам өзіндегі жағымды немесе жағымсыз қасиеттерін қай жерде қолдану керектігін білуі қажет.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер ұялмасаң қалағаныңды істе!» (Бұхари, Әдеп, 78) дейді. Ал «Ұят – иманнан» дегенін бәріміз білеміз. Сондықтан ізгілікті қоғам құру, адам ретінде тұрмыс кешу барлығымызға жүктелген міндет. Пайғамбарды жер бетіне рахымшылық етіп жібергендігі қасиетті Құран-Кәрімде баяндалады. Олай болса әрбір мұсылман жер бетінде ізгілікке, адамшылыққа, әдептілікке үлес қосқаны абзал. Алла Тағала барлығымызды адамшылықтан, ихсаннан айырмасын!
Қуаныш Түзелбеков,
«Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы.