Кітап – ақылына ақы сұрамайтын қазына

103 Views

Жақында Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында аудандық аналар кеңесінің бастамасымен «Кітап – руханияттың алтын қазығы» деген тақырыпта мәні бар мағыналы іс-шара өтті.

«Мәні бар мағыналы» деп отырғанымыздың да себебі жоқ емес. Ол жағына сәл кейінірек тоқталамыз. Шараға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов және аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы биыл Жамбыл облысында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты жоба қолға алынғанын, одан бөлек, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен «Мен оқыған бір кітап» атты челлендж басталғанын айтып, кітап оқудың маңыздылығына тоқталып өтсе, аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Абақұлы кітап ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына екенін тілге тиек етті. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Айтымбетұлы осындай ілкімді іс-шара ұйымдастырып, өзгеге үлгі болып отырған мектеп ұжымына шын көңілден алғысын білдіріп, мектеп кітапханасының қорына қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» атты трилогиялық кітабын сыйға тарту етті.
Енді іс-шараны неліктен «мәні бар мағыналы» деп жазғанымыздың себебін айтайық. Жалпы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің директоры Дайрабаева Шолпан Еркетайқызы біріншіден өзі де кітапты көп оқиды. Екіншіден кітап оқу жайында тақырып бола қалса, Шолпан Еркетайқызы оны міндетті түрде қолдайды. Жай қолдап қана қоймайды, өзі де соған жауапкершілік танытып, жұмысқа белсене кірісіп кетеді. Оны талай рет көргенбіз де. Айталық, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектепте директор болып тұрған кезде іс-шара ұйымдастырған болатын. Сол іс-шарада Шолпан Еркетайқызының өзі модератор болып, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын қалай талдап, ол кітаптың оқырман үшін қандай құндылығы барын саралап айтып бергенде, сол іс-шараға қатысқандардың көбі таңдай қағысқан. Оның ішінде өзім де бармын. Сондықтан бұл іс-шараға шақырту қағазы келгенде, бірден барғым келді. Өйткені бәзбір іш пыстырарлық деңгейдегі жиналыс секілді емес, бұл жерде кітап оқудың құндылықтары айтылатынын іштей сездім. Және бардым.
Қош. Сонымен аудандық аналар кеңесінің бастамасымен қолға алынған «Кітап – руханияттың алтын қазығы» деген тақырыптағы іс-шараны Шолпан Еркетайқызы басшылық жасайтын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің ұжымы өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Бұл мектептің оқушыларын да жақсы білеміз. Шеттерінен дарынды оқушылар. Би десеңіз, би, көркемсөз оқу десеңіз, көркемсөз оқу, күй десеңіз, күй шертеді. Оны іс-шара барысында көрдік. Қысқасы оқушылардың бойында қарым-қабілет жанып тұр. Содан соң бір байқағаным – бұл мектепте ата-аналармен мектеп ұжымының арасында жақсы байланыс орнаған екен. Бұл қазіргі қоғамға керекті басты дүние. Әйтпесе әлеуметтік желіде неше түрлі дақпыртқа толы дау-дамайлы жағдайлар көптеп шығып жатады ғой. Бәлкім ондайлардың мақсаты – қаралым жинап, «болмағанды болды» деп көрсетіп, елді дүрліктіріп, пайда табу шығар. Бірақ мына сөзді ешқашан ұмытпаған жөн. «Мұғалім – мектептің жүрегі». Алфавиттегі А деген әріпті де үйрететін – мұғалім. Ал, әліппедегі тұтас әріптерді үйреніп, жаттағаныңыз сізге өмірлік азық. Сондықтан мұғалімге бар шаруаны жүктеп қойып, одан пәле іздеудің еш негізі жоқ. Баланың тәрбиесіне жауапты бірінші кезекте – ата-ана. Ал, тәрбиенің негізгі өзегі – кітап. Біз осыны ұмытпауымыз керек.
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында өткен «Кітап – руханияттың алтын қазығы» атты іс-шара жақсы лебіздер айтылып, сонымен бітіп қалған жоқ. Іс-шараның маңыздылығын «Отбасымыздың сүйікті кітабы» деген тақырыпта ұйымдастырылған байқаудан көруге болады. Байқауға өзге мектептерден де қатысушылар келіп, отбасы болып бірлесіп оқыған кітаптарының мазмұнын айтып берді. Бұл байқауға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Айнақұлов, аудандық аналар кеңесінің мүшелері Есенгүл Мұхтарова, Ұлту Жайлышева, Клара Серікбаева, аудандық білім бөлімінің кітапханалар ісі жөніндегі әдіскері Гүлмира Абдиева, аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Назигүл Шаймұратқызы және Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің директоры Шолпан Еркетайқызы қазылық етті. Екі кезең бойынша өрбіген байқау қорытындысында жүлделі III орынды Мұхамеджанов, Мейрамбек және Құлдыбаевтар отбасы иеленді. Ал жүлделі II орынды Тұрғын, Берікбаев және Алибаевтар отбасы еншіледі. Жүлделі І орын Ибраимовтар отба­сына бұйырса, байқаудың бас жүлдесін Сыдықбай отбасы өз қан­жығаларына жазды. Жеңімпаз бен байқау жүлдегерлеріне арнайы диплом­дар және демеушілер тарапынан көрсетілген бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Біз әкелерімізден, аналарымыздан «Жас күнімізде кітапты көп оқитынбыз?» деген сөзді жиі естиміз. Ол солай болғаны да рас. Біздің әке-шешелеріміз Мұқағали Мақатаевтың, Қадыр Мырза Әлінің, Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтың, Бердібек Соқпақбаевтың, Сайын Мұратбековтің туындыларын жарғақ құлағы жастыққа тимей оқыды. Мәселен, менің әке-шешем әлі күнге дейін кітап, газет оқиды. Менің түсінгенім, кітап оқыған адамның бәрібір ой өрісі бөлек болады. Біреуге қиянат жасамақ түгілі, сыртынан ғайбат сөз айтуға қымсынады. Ал, қазір солай ма? Жас ата-аналар кітап оқи ма? Өзі кітаптың «бетін ашпаған» ата-ана балаға қандай тәрбие бере алады? Былай қарасаң, осының бәрі тым қарабайыр естілуі мүмкін. Алайда бұның түбінде болашақ ұрпақтың тағдыры тұр. Осыны ойласам, жүрек дүрсілдеп қоя береді. Ал сіз жақында қандай кітап оқыдыңыз?

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: