Тұрғындар Қоғамдық қабылдауда өзекті мәселелерді көтерді

213 Views

Өткен жұмада аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке қабылдау өткізді. Келген азаматтар өздерінің әлеуметтік мәселелері мен тұрмыстық қиындықтарын жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғындар тегін дәрі-дәрімек алу, басшы мен қызметкер арасындағы дауды реттеу, жұмысқа орналасу, бір реттік көмек алу, баспана мәселесін шешу және аялдаманы жалға алу мерзімін ұзарту сияқты сұрақтарды көтерді. Сонымен қатар Құлан ауылының бір топ тұрғындары бейіт басына апаратын 1 шақырым 200 метрді құрайтын жолға шағал тас төсеп беруді өтінді. Аудан әкімі Ернар Есіркепов тұрғындардың өтініштерін тыңдай отырып, бұл іске бюджеттен қаржы бөлу мүмкін еместігін, бірақ асарлату әдісі арқылы мәселені шешуге болатынын айтты. Және де аталмыш іске ауыл тұрғындары да ат салысса нұр үстіне нұр болатынын алға тартты. Асар арқылы жүзеге асатын бұл істі қос тарап күн жылынғанда ретке келтіруге уағдаласты. Қабылдауға келген Құлан ауылының тұрғындары көшеге жол салу және шағын футбол алаңының төсенішін ауыстырып беруді өтінді. Аудан әкімі Ернар Серікәліұлы биылғы жылы жол жөндеу бойынша бірқатар жобалар қолға алынғанын айтып, аталмыш көше жолы солардың қатарында барын жеткізді. Қабылдау барысында Ернар Есіркепов барлық мәселелерді мұқият тыңдап, азаматтардың өтініштерін шешу үшін қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Өзге де мәселелерге құлақ түрген аудан басшы Ернар Серікәліұлы барлық түйіткілдер заң аясында шешілетінін айтты.

Айдана Мақсұт.

Поделиться ссылкой: