Өзара тәжірибе алмасты

246 Views

Жақында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының мамандары, аудандағы медициналық қызметтің сапасын арттыру, және тәжірибе алмасу мақсатында аудандық
орталық ауруханаға арнайы іс сапармен келді. Бұл шара тұрғындарға жоғары білікті мамандардың кеңесін алу мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға да бағытталды.Іссапар барысында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов бастаған топ аудандық аурухананың жұмысымен танысып, ондағы дәрігерлермен кез­десті. Кездесу барысында меди­циналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, жаңа емдеу әдістерін енгізу және тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұдан кейін облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары Жандос Сейдахметов пен хирург дәрігер Жантөре Молдашев аудандық аурухананың дәрігерлеріне арнап шеберлік сыныбын өткізіп, екі науқасқа күрделі хирургиялық ота жасады. Сонымен қатар дәрігерлер стационарлық ем қабылдап жатқан пациенттермен де тілдесіп, олардың жағдайын бақылап медициналық қызметтің қолжетімділігіне ерекше назар аударды. Сапар аясында невропатолог, эндокринолог, ревма­толог, кардиолог, ангиохирург, кардио­хирург, гинеколог сынды түрлі медициналық мамандықтағы дәрігерлер, таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 17.00-ге дейін Луговой ауылының 100-ге жуық тұрғынын қабылдап, қажетті медициналық көмек көрсетті. Жалпы бұл іссапар аудан тұрғындары үшін сапалы медициналық қолжетімділікті арттырып қана қоймай, жергілікті дәрігерлердің тәжірибесін жетілдіруге және олардың кәсіби даму деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндік берді.

Ақжарқын Мұратбекқызы.

Поделиться ссылкой: