124 Views
Ислам діні бес парызға негізделген. Соның бірі – ораза ұстау. Алла Тағала өзінің құлдарына қасиетті Рамазан айында Ораза ұстауды әмір етті.
Ораза араб тілінде «сиям» деп аталып, тілдік мағынасы бір нәрседен өзін тыйу дегенді білдіреді. Шариғаттық мағынасына келер болсақ, «таңнан күн батқанға дейін ішіп жеуден, жаман әдеттерден (өсек, өтірік, дау-жанжал) аулақ болуды айтады. Рамазан айының оразасын ұстау жайлы үкім хижраның екінші жылында парыз етілді. Ораза ұстаудың пайдалары өте көп. Әсіресе ораза ұстаған адамның тақуалығы артады. Бұл жайында Алла Тағала оразаға қатысты аяттың соңғы жағында: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар» (Бақара сүресі,183 аят). Жаратушымыз бұл аятта ораза ұстау бұйрығының себебін: «…Тақуа боларсыңдар» деген сөзбен түсіндіруде. Яғни ораза ұстаудағы мақсат – аш жүру емес, тақуалыққа жетуді көздеуде. Ал күнә атаулыдан барынша сақтанып, тіпті күмән атаулыға жоламауға тырысатын тақуалық деңгейі – мұсылманшылықтың, адамшылықтың үлкен бір сатысы. Қасиетті Құранда жұмақтың «тақуалар мекені» деп сипатталғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Рамазан айы жылдың ішіндегі ең абзалы һәм қасиетті айы болып саналады. Оның қасиеттері жайында көптеген хадистер келтірілген, сондай-ақ, сан түрлі кітаптар да жазылған. Әбу Һурәйра р.ғ. риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Сіздерге мүбәрак Рамазан айы келді. Бұл айда Алла Тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар» – дейді. (Нәсәи және Бәйһақи келтірілген). Мұсылман пенденің оразадан басқа барлық амалдары өзі үшін болып саналады екен. Оразадан басқа барлық амалдарда амал етуші өзі қаласа да қаламаса да өзгелердің (сырт көз байқайды) назары түседі. Мысалы, дәрет алып жатқанын, намаз оқып жатқанын т.б. көреді.
«Бұл адам ізгі жан екен, бұл адам намаз оқитын кісі екен» деген сияқты ойларда болады. Әрі оған құрмет те жасайды. Дәл сол секілді зекет беруші де қанша жерден жасырса да оны өзгелер байқайды, тым болмағанда зекет садақасын алған адамның өзі куә болып оның хақысына рахметін, дұғасын айтады. Қажылыққа барған адамды ешкім білмей қалуы еш мүмкін емес. Ал ораза амалында жоғарыдағы айтылғандардың бірде біреуі жоқ, таңда ешкім көрмейтін уақытта сәресін ішеді, күндіздері дым болмағандай жүре де береді, жалғыз қалса да, көпшілік арасында қалса да оразасы еш білінбейді. Алланың көріп тұрғанын сезініп тыныш халде оразасын ұстап жүре береді. Міне осылардың барлығы оразаның белгісі. Сол үшін де Раббысы үшін ұстаған оразасының, ғибадатының сауабын бір Алла өзі береді. Сол сияқты ораза үшін берілетін әжір-сауаптардың қаншалықты екендігін де Алладан басқа ешкім білмейді. Өйткені пенде Раббысының разылығы үшін ішіп-жеуден, күнә істерден, құмардан, түрлі ләззаттардан тиылады.
Әрқайсыларыңыз жыл сайын келетін оразадан толықтай хабардарсыздар деген ойдамыз. Дегенмен білмегендер үшін айта кетсек артық болмас деген үмітпен төменде кейбір мәселелерге тоқталып өтеміз.
Шариғатымызда үзір (белгілі себеп) деген нәрсе бар. Науқастанған адам, жолаушы адам, қарт кісілер (ата-әжелер) сондай-ақ, аяғы ауыр әйелдер және бала емізетін әйелдер үзірлілер қатарына жатады. Егер науқас жазылған болса, жолаушы үйіне оралса, аяғы ауыр әйел босанған болса, емізулі әйелдің баласы сүттен бөлінсе онда бұл кісілер кейін ұстай алмаған оразасының қазасын өтейді. Қарт кісілер еш ораза ұстай алмаулары себепті шариғат заңы көрсеткендей фидия садақаларын өтеулеріне болады. Өйткені қарт кісілер де оразаның өз мойындарынан сақит (түсулерін) болуларын қалайтыны ақиқат. Фидия тек осы кісілер үшін ғана белгіленген. Қалғандары оразаларының қазаларын толықтай өтеулері керек. Дін ғұламалардың пікірінше, тіс жұлдыру оразаны бұзбайды. Тіс пастасын қолдану да оразаға нұқсандық келтірмейді. Дегенмен, сонда да тіс пастасын қолданған кезде минималды мөлшерде қолданғанымыз абзал. Реті келсе дәмі де иісі жоқ саналған мисуәк ағашын қолдану сүннетімізге сай келеді. Әйелдер қауымы хайыз бен нифас кездерінде ораза ұстамайды. Бірақ кейін сол ұстамаған оразасының (рамазан оразасы) қазасын өтейді. Жылына бір рет келетін ораза болғандықтан ұстамаған оразасының қазасын өтейді. Ораза екендігі есінен шығып кетіп, бірдеңе жеп қойған болса, дәрі-дәрмек қолданып қойған болса, онда оразасы ашылмайды, яғни бұзылмайды. Егер әдейі жасалса, онда бұзылады. Тамақтың дәмін татып көру, базардағы жемісті таңдағанда тістеп дәмін көру мәкрүһ саналады. Реті келсе сақтанғанымыз абзал. Жас баланы тамақтандыру үшін шайнап берілген қорек, тамақ оразаны бұзбайды, яғни рұқсат.
Жас балалардың оразаларына тоқталатын болсақ, шариғатымыз балиғат жасына толмаған жас ұрпаққа ораза ұстауды жүктемейді. Діннің үкімдері, сондай-ақ, ораза құлшылығы балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, дені сау, тұрғылықты, ислам дінін қабылдаған адамға ғана жүктеледі. Ал енді мектеп жасындағы балалардың ораза ұстаулары білім алуларына, сабаққа қатысуларына, сабақ үлгерімдеріне кедергі келтірмеуі керек. Себебі білім алу да шариғатта парыз (кифая) боп есептеледі.
Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің бір хадисінде: «Егер менің үмметім Рамазан айының ішіндегі жақсылықтар мен сауаптардың қадір-қасиетін білгенде, жылдың барлық бөлігін Рамазан айы болғанда ғой, – деп арман етер еді», – деген екен.
Құрметті аудан тұрғындары! Келіп жеткен Қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты, берекелі болсын. Исі мұсылман асыға күтетін қасиетті айдағы ниет-құлшылықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз, ізгі амалдарыңыз қабыл болып, Алланың мол сауаптарына кенелуді нәсіп етсін. – Рамазан айының қарсаңында дұғалар қабыл болады, – деген хадисті басшылыққа алып, жаратушыдан бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тіледік. Заманымыз тыныш, ел-жұртымыз аман болсын. Рамазаннан Рамазанға аман жетейік.
Биыл Рамазан айының алғашқы күні, оразаның басталуы 1-ші наурызға тура келді. 26-нан 27-не қараған түні – Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі боп бекітілді. Биылғы пітір садақасының мөлшері – 655 теңге.
Қуаныш Түзелбеков,
аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы.
Поделиться ссылкой: