Әр бала– бақытты болуға лайықты
Өткен жұмада №6 мектеп гимназиясының акт залында дәл осындай тақырыпта ата-аналарға арналған семинар-тренинг өткізілді.
Семинар-тренингтің мақсаты – ата-аналарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Сондай-ақ, ата-аналар баланың сезімдерін түсініп, оның дамуына, психологиялық жағдайына әсер ететін дұрыс амалдармен таныстырып, отбасы ішіндегі өзара құрмет пен сенімді, қарым-қатынасты орнатуға психологиялық тұрғыдан ықпал ету. Семинар-тренингке аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл, аудан прокуратурасының аға прокуроры Әлихан Құсайынов, облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Меруерт Ермекбаева, осы орталықтың әдістемелік бөлімінің басшысы Рахат Қоныс, аталмыш мекеменің психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Әйгерім Исмайлова, сондай-ақ, осы мекеменің әдіскер психологы Жұлдыз Шерметова секілді білікті мамандармен қатар, аудандық орталық аурухананың балалар дәрігері Айгүл Сматдилдаева қатысты. Семинар-тренингтің алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы сөз сөйлеп, ашып берді. Адамның өміріндегі көз қуанышы – бала. Барлық бала жақсы мен жаман әдеттерді өзі өскен шаңырақтан үйренеді. Егер отбасындағы ата-аналар өзара жақсы қарым-қатынаста болса, перзенттері де әдепті, тәрбиелі болып өседі.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген дана қазақтың сөзі бар. Бұл нақылдың өзі де тәрбиенің негізгі ұран сөзі болып тұрғандай. Дәл осындай ойдың түп төркінін облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Меруерт Ермекбаева да айтты. Семинар-тренинг барысында түрлі психологиялық тренингтер өткізілді. Семинар-тренингте баланың ойын және сезімін дұрыс қабылдап, оған қолдау көрсету, позитивті орта қалыптастыру, баланың тұлғалық дамуына, өзін-өзі бағалау деңгейіне оң әсер ететіні, қандай да бір жағдайда баланың эмоцияларына түсіністікпен қарау сияқты міндеттері жайында айтылды. Семинар-тренинг соңында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы жиынға қатысқан аналарға өз тарапынан алғыс білдіріп, бірқатар психолог мамандарын алғыс хатпен марапаттады.
Айдана Мақсұт.
