Бала адамның көз қуанышы
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай аудан орталығындағы Сұлушаш Қанатқызы басшылық ететін «Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Алғысым шексіз баршаға» деген тақырыпта іс-шара өтті.
Іс-шараның ойдағыдай өтуіне демеушілер тауып, атымтай жомарт азаматтардың қаржылай қолдау көрсетуіне көп көмегін тигізген Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденовтың осы арада еңбегі зор екенін айтқымыз келеді.
Іс-шараға аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлнұр Жамалбекова қатысып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналарына, осындай балалармен тікелей жұмыс жасайтын педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті мекемесінің қызметкерлеріне зор алғысын білдірді. Ілкімді іс-шарада Іңкәр Жұмабек «Алғыс» әнін, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің бүлдіршіндері «До-ре-ми» биін, Дінмұхамед Мақсетұлы «Грузин» биін биледі.
Содан кейін іс-шара жоспары арнайы жасалған сценарий бойынша өрбіп, ерекше білімді қажет ететін балалар арасында эстафеталық ойындар ұйымдастырылды. Эстафеталық ойынға ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналары мен жетекшілері қатысты. Нәтижесінде 6 топқа бөлінген эстафеталық ойын қатысушыларына достықтың дәнекерін көрсете білгендері үшін барлықтарына бірдей бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Іс-шара барысында бочча ойынынан Жамбыл облысының бапкері Индира Рақымжанқызы ерекше білімді қажет ететін балалар арасында шеберлік сағатын өткізді.
Шара соңында аудандық «Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сұлушаш Қанатқызы Алғыс айту мерекесіне ұйымдастырылған іс-шараның мән-маңызына тоқталып, осы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қомақты үлесін қосқан Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденовке үлкен алғысын білдірді.
Шара соңы Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Марат Диханбай.