Жеңіс туы желбіресін!
97 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Еркебұланның шәкірттері жарап тұр
Жақында Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында еркін күрестен «Дружба народов» атты халықаралық жарыс өтті. Шымкент шаһарында ұйымдастырылған халықаралық сайыста Жақсылық ауылының жасөспірім қарадомалақтарын еркін күреске баулып жүрген білікті жаттықтырушы Еркебұлан Батырхановтың да шәкірттері бақ сынады.
Жаттықтырушы Еркебұлан Батырхановтың табандылығы мен еселі еңбегін біз бұған дейін де газетімізде жазғанбыз. Қазір білікті жаттықтырушылардың көбісі қалада жұмыс істегісі келеді. Өйткені қалада айлық жалақы мәселесі ауылға қарағанда едәуір көп. Білікті бапкерлер ауылдан гөрі қалада еңбек еткісі келетіні сондықтан.Тәп-тәуір қалада жұмыс жасап жүрген жерінен өзі туып өскен Жақсылық ауылына жаттықтырушы болып келген Еркебұланның тәуекелшілігін осы арада атап өтуге тиіспіз. 2023 жылдан бері Жақсылық ауылындағы жасөспірім жеткіншектерді олимпиадалық спорт түріне кіретін еркін күреске баулып жүрген Еркебұлан Батырхановтың шәкірттері осы аралықта көптеген жарыстарда жүлделі болып үлгерді. Шымкенттегі халықаралық жарыстан да оның шәкірттері құр алақан қайтқан жоқ. Атап айтсақ, Нұршах Өмірбек 35 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, жүлделі II орын иеленді. Осы халықаралық жарыста 29 келіде белдескен Нұрасыл Жолдас пен 45 келіде сынға түскен Даниял Қажымұқан да жүлделі III орынға ие болып, үздік үш балуанның қатарынан көрінді. Алдағы уақытта да талай жарыстарда Еркебұланның шәкірттері биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Ұлттық ойындарда олжасыз қалған жоқ
Жуырда Тараз қаласында өткен облыстық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында асық атудан №6 мектеп-гимназиясының 7-8 сынып оқушылары жүлделі ІІІ орынға ие болды. Жетекшілері – асық ату спортынан талай шәкірт баптап, аламанға қосқан білікті жаттықтырушы Ескендір Тегешов пен Ғазиз Өмірқұл. Жаһандану заманында ұлттық спортқа ден қойып, баба аманатын жалғастырып жүрген оқушыларымызды айтулы жеңістерімен құттықтаймыз.
Сондай-ақ, жақында қыздар арасында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысының бағдарламасына енетін бес асық және шекемтас ойындарынан да Ақыртөбе орта мектебінің 5-6, 7-8, 9-11 сынып оқушылары жүлделі І орынды иеленіп, республикалық жарысқа жолдама еншілеп алды.
Ақыртөбе орта мектебінің оқушы қыздарын бес асық пен шекемтас ойындарына баулып жүрген ардагер ұстаз Молдақасым Қайынбердиев пен Тұрғын Рахметілдаев екенін айта кетейік.
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне айрықша көңіл бөлінуде. Соның айқын дәлелі ретінде осы «Ұлттық мектеп лигасы» бағдарламасына енетін біз жазған спорт түрлерін айтсақ болады. Ақыртөбелік оқушы қыздарымыз да республикалық додада ауданымыздың мерейін үстем етеріне сенеміз.
Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.