Рамазан оразасының 7 сүннеті
Егер ұстап жатқан оразаңыздың сауабының көбеюін қаласаңыз, оразадан рухани тәлім алғыңыз келсе, онда оразаның төмендегі негізгі сүннеттеріне қатаң мән беріңіз.
Олардың біріншісі, тіпті бір жұтым сумен болса да сәресін ішіңіз.
Өйткені Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Сәресін ішу берекелі іс. Оны бір жұтым сумен болса да тәрк етпеңіздер. Өйткені Алла және оның періштелері сәресін ішушілерге салауат айтады», – деген (Имам Ахмад риуаяты).
Екіншісі ауыз ашу уақытының кіруімен ауыз ашуға асығу, яғни жылдамдату. «Пайғамбарымыз с.ғ.с. (шам) намазын оқымастан алдын бірнеше дана құрмамен, егер құрма табылмаса, бірнеше жұтым сумен ауызын ашар еді» (Абу Дауд, Нәсәи риуаяты).
Үшіншісі ауызашар кезінде Пайғамбарымыздың с.ғ.с.-ның жасаған дұғасын көбірек жасау. Пайғамбарымыз с.ғ.с. ауызашар кезінде: «Зәһәбәз – зәмәу уабтәләтил уруқ уә сәбәтәл әжру, иншааллаһ», яғни шөл кетті, тамырлар әлденді, Алла қаласа сауаптар бекітілді» – деп айтатын (Абу Дауд риуаяты).
Төртіншісі ораза ұстаушыларға ауызашар беру. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Кімде кім ораза ұстаушыға ауызашар беретін болса, ол кісіге де құдды ораза ұстағанның әжір-сауабы беріледі» – деген (Имам Тирмизи риуаяты).
Бесіншісі Алланың пікірімен шұғылдану.
Алтыншысы Құран Кәрімді көбірек тіләуат етіп, оқу.
Жетіншісі дұға жасау, садақа беру, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару, науқастанған адамдарды зиярат ету, туған-туыстармен бауырмашылдықты, қарым-қатынасты арттыру т.б.с.с. ізгі амалдармен шұғылдану.
Рамазан қасиет тұнған ай. Бұл ай иманды күшейтетін ай. Раббымыздың разылығын табуға мол мүмкіншіліктер берілген ай. Пайғамбарымыз с.ғ.с. : «Рамазан айында күнәлары толық кешірілмеген кісінің мұрны жерге шаншылсын» – деген екен (Имам Тирмизи риуаяты). Хадистің түсіндірмесінде, яғни бұл айдағы көптеген игілікті мүмкіндіктерден жырақта болып қалмауымызға шақырады.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, Рамазан айы мұсылмандар үшін Жаратушының нығметі. Күнәларымыздан тазартылып, жүректерімізді пәктеп, Жаратушымыздың рақымына бөленетін ай. Бұл айда мейлінше Құранды көбірек оқып, мағынасына ой жүгіртіп, ғибрат алып, Құранға сай ізгі амалдар ететін ай, салихалы да сауапты істермен шұғылданатын ай.
Алла Тағала бұл айдың берекетін баршамызға нәсіп етсін.
Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.