Сессия отырысында келелі мәселелер талқыланды

145 Views

Апта басында аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Абақұлының төрағалығымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті отыз екінші сессиясы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде Құлан ауылдық округінің әлеуметтік дамуы, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардың орындалу барысы сараланды. Жиында Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Серікханұлы Құлан ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы және абаттандыру төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берсе, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Мамырбаев өз саласы бойынша есеп беріп, әлеуметтік қолдау шараларының жүзеге асырылу барысын баяндап берді. Сонымен қатар жиында аудандық «Мансап» орталығының директоры Сапар Тілеубердіұлы аудан тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы есебімен бөлісті. Халық қалаулылары Байболат Оспанов, Сұлукүл Дәлібаева және Данияр Әлпейісов баяндамашыларға мүмкіндігі шектеулі жандардың аудан орталығындағы ауруханаға қатынауын қамтамасыз ету, «Инватакси» қызметінің қолжетімділігін арттыру, қайтарымсыз гранттардың нәтижесі, сапалы «Стрит воркоуттар» орнату және Құлан ауылындағы саябақтардың тазалығы мен ондағы қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз ету бағытындағы сан түрлі сұрақтарды қойып, өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Отырыс соңына дейін күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып, депутаттар тарапынан тиісті шешімдер қабылданды.

Ақжарқын Мұратбекқызы.

Поделиться ссылкой: