Кәріпжанмен сырласу

71 Views

Биыл аудандық «Құлан таңы» газетіне – 85 жыл толып отыр. Аудандық басылымда осы 85 жылдық белесте көптеген қаламы қарымды шығармашылық адамдары еңбек етті. Өзінің жазу өнерімен де көпке сыйлы болған қаламгердің бірегейі – Кәріпжан Нүсіп болатын. 

Журналистиканы тәмамдап, жазу­шылық шыңға жеткен Әзілхан Нұршайықов «Аспанда қыран көреген, жерде журналист көреген» деген екен. Осы тәмсілді Кәріпжан Нүсіптің жазу мәнеріне қарап айтсақ та жарасады. Ол расымен де көп жазды. Және жай жазған жоқ, сапалы дүниелер жазды. Қызметке, атаққа ешқашан қызыққан жоқ. Осының барлығынан қаламның құдыретін биік қойды. Дүние жиған жоқ, есесіне кітап қорын жинады. Адам өмірден озған соң, сенің дүниеңді де, жиған малыңды да, қызметіңді де ешкім елемеуі мүмкін. Алайда, жақсы адам болсаң, сенің адамдық қасиетіңді жұрт үнемі жыр қылып айтады. Мінеки, сондай адамдық құрметке ие болған қаламгер.
Өткен жұмада Мереке Айнақұлов басшылық ететін аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері «Әулие­ата – кітап оқитын өңір» жобасы аясын­да белгілі журналист, ауданның «Құр­метті азаматы», ақын, қаламгер Кәріп­жан Нүсіптің 85 жыл толуына орай «Кәріпжанмен сырласу» де­ген тақырыпта әдеби мюзикл ұйым­дас­тырды.
Бұл іс-шараға аудан әкімінің орын­басары Қайрат Әбілханұлы, ақын, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, аудандық ардагерлер Кеңесінің төр­ағасы Қожайхан Қазыбайұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүше­сі, Қазақ журналистикасының қайраткері Тұрсынхан Есімқұлұлы, ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облы­сын­дағы меншікті тілшісі Табиғат Абаил­даев, журналист, облыстық «Ақ жол» газетінің әлеумет бөлімінің аға тіл­ші­сі Қамар Қарасаева, аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев қатысты. Іс-шара­ның шымылдығын аудан әкімінің орын­­басары Қайрат Әбілханұлы сөз сөйлеп, ашып берді.
Ілкімді іс-шарада аудандық мәдениет үйі­нің әншісі Рысбек Қадырқұлов «Сұлутөр аруы» әнін орындаса, аудан­дық кітапхана қызметкерлері мен кітап­хананың тұрақты оқырмандары, яғни мектеп оқушылары Кәріпжан Нүсіптің бір топ өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.
Эстрада жұлдызы, әнші Досымжан Таңатаровтың орындауындағы елге белгілі есті әннің бірі «Біз екеуміз» десек болады. Бұл әннің әуенін Дүйсеналы Бықыбаев жазса, өлеңінің мәтінін Кәріпжан Нүсіп жазған. Әннің тарихы да композитордың жарымен тығыз байланысты. Әдеби мюзиклде осы әннің тарихын баяндайтын «Біз екеуміз» көрінісі қойылды. Және осы қойылым залда отырған көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бұл іс-шараға Кәріпжан Нүсіптің қыздары Гүлназым Кәріпжанқызы мен Айназым Кәріпжанқызы арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Осы әдеби мюзиклге арнайы қонақ ретінде шақырылған жандардың барлығы да Кәріпжан Нүсіптің адами болмысы мен қаламының қуаты төңірегінде игі тілектерін жеткізді.
Іс-шарада ақын, қаламгер Кәріпжан Нүсіптің қыздары Гүлназым және Айназым Кәріпжанқызы да сөз сөйлеп, әкелерінің болмыс-бітімі жөнінде оябы бөлек сөздер айтты. Ал, «Кәріпжанмен сырласу» айдарында залда отырған көрермендерге микрофон ұсынылып, ақынның өлеңдерін шараға қатысқан адамдар лег-легімен оқыды. Әдеби мюзикл соңы Кәріпжан Нүсіптің сөзіне жазылған «Серіктесіп жүрейік» әні­мен қорытындыланды. Әннің әуенін жазған Рысбек Қадырқұлов екенін айта кетейік осы арада. Іс-шара соңында осы әнді аудандық кітапхананың кітап­ханашылары Әйгерім Баймұратова мен Әлия Искакова орындады.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: