Беріктің шәкірттері топ жарды

45 Views

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні. Бұл мерекеге орай республика бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Оны теледидардан да көрдік, мерзімді баспасөз құралдарынан да оқып білдік.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденов 5-6 сынып оқушылары арасында футболдан «Құмарық Cup» турнирін ұйымдастырды. Бұл турнирге 16 команда қатысты. Сержан Баденовтің ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекқорлығын біз жақсы білеміз. Ол кез келген іс-шараны өткізуге «жүрдім-бардым» қарамайды. Барлығына арнайы жоспар түзіп, оның басы-қасында өзі міндетті түрде жүреді. Осының барлығы көпшіліктің көзіне көрінбегенімен, жарыстың өту бары­сына қарап-ақ бұған дейінгі жұмыстардың қарқынды жүргенін байқауға болады. Сондықтан Сер­жанға тек «Браво!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Аудандық деңгейде өткен «Құмарық Cup» турниріне «Бұқа­ралық іс-шараларды өткізу орталы­ғының» директоры Жанат Бағылбеков қатысып, жарысқа қатысушы коман­даларға сәттілік тіледі.
Одан кейін жарыс басталып кетті. Жарыстың әрбір ойыны тартысқа толы болды. Осы кезде ауданымызда жасөспірімдер футболы дамып жатқанына көзіміз жеткендей әсерде болдық.
Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Берік Оспан жаттықтыратын Көгершін спорт кешенінің жасөспірім оқушылары жеңіп алды. Финалда ғана көгершіндік жас аяқ доп шеберлеріне есе жіберген Өрнек ауылындағы Алғабас орта мектебінің оқушылары жүлделі екінші орынға ие болды. Ал, аудан орталығы Құланнан барған, яғни Құлан мектеп-гимназиясының оқушылары үздік үштікті түйіндеп, жүлделі үшінші орынға табан тіреді.
Жарыс соңында Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденов сөз сөйлеп, жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттады. Жарыста жүлдегер мен жеңімпаз атанған командалардың барлық мүшелеріне түгелдей дерлік алғыс хаттар мен медальдар табыс етілді. Осы кезде Сержан Баденов жақсы бір ұсынысын ортаға салды. Оны жаттықтырушылар да қолдады. Яғни бұл турнир ауыспалы болып, ай сайын ұйымдастырылатын болып шешілді. «Құмарық Cup» турнирінде Көгершін ауылының өрендері топ жарғандықтан, келесі жарыс Көгершінде өтетін болып келісілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: