Жеңіс туы желбіресін!
98 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Ескерткіштер – бұл өткен тарихты, ұлы тұлғаларды, маңызды оқиғаларды еске салып тұратын сәулет және мүсін өнерінің туындылары. Олар халықтың мәдени мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Ескерткіштер арқылы біз ата-бабаларымыздың ерлігін, еңбегін, өмір салтын және тарихи кезеңдерді танимыз.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Оны 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Кеңес ассамблеясы арнайы бекіткен болатын.
Мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Әлемнің 122 еліндегі 800-ге жуық тарихи-мәдени құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.
Ауданымызда 383 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан. Соның ішінде 300-і алдын ала тізімде, 81 мемлекеттік тізімдегі ескерткіштер, 18 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер бар. Аталған тізбеге 2014 жылы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ортағасырлық Өрнек және Құлан қалашықтары енген.
18 сәуір – Халықаралық мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау күніне орай, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде «Ескерткіштер – ел тарихы» атты дөңгелек үстел өткізіліп, оған Құлан агротехникалық жоғары колледжінің білімгерлері қатысты.
Шараға аудан аумағындағы тарихи мұраларды жаңартуға атсалысып жүрген тарихшылар Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің директоры Ербол Талантұлы, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Болат Садықбеков, Абай атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Дастан Асқаров өздерінің ізденістері бойынша баяндама оқып, өңір тарихына қатысты тың деректерімен бөлісті.
– Ескерткіштер – ұлттық рухты оятатын, тарихты тірілтетін құндылық. Сондықтан оларды сақтау, қорғау – әр азаматтың борышы, – деген Құлан ауылдық ардагерлер төрағасы Берік Әліпбаев жастарды туған өлке тарихына құрметпен қарауға, тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтауға, тарихи ескерткіштерді қорғауға шақырды.
Тарихи-мәдени ескерткіштердің маңызын насихаттауға, адамзат өркениетінің дамуына үлес қосқан сәулет, өнер және археологиялық мұраларды дәріптеуге, жастарды тарихи мұраға құрметпен қарауға тәрбиелеуге, ескерткіштерді сақтау мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқаруымыз қажет.
«Ескерткіш – халық жадының тасқа айналған көрінісі» деп халық даналығы бекер айтпаса керек. Ендеше, «Тасқа қашалған тарих – жүрекке орнаған мәңгілік естелік» дегендей, туған өлке тарихын терең танып, тарихымызды түлетуге атсалысайық!
Ғайша Құлпамышева,
аудандық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы.