Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Еркебұлан Кенжетайұлы Рахманқұлдың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

71 Views

Өмірбаяны
Еркебұлан Кенжетайұлы Рахманқұл 1993 жылдың 30 сәуiрінде Құлан ауылында дүниеге келген. 2013 жылы Құлан ауылшаруашылығы колледжін, ал 2016 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Агроном» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары.
Еңбек жолын 2013 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінде «Жастар тәрбиесі» бағдарламасымен бастаған. 2014 жылы сол бөлімде статист маман, 2014 жылдың сәуір айынан 2017 жылдың маусым айына дейін сол бөлімде төтенше жағдайлар бойынша бас инспектор қызметін атқарған. 2019 жылға дейін аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бойынша бас инспекторы, 2023 жылдың ақпанына дейін аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, 2023 жылдың ақпанынан 2024 жылдың қазанына дейін аудан әкімі аппаратының аймақтық бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімшесінің бас инспекторы болды. Қазіргі кезде Құлан ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызмет атқарып келеді.
Отбасылы. 2 баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті Жаңатұрмыс ауылдық округінің тұрғындары! Бүгінгі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдік мүдде жолындағы әділдік бағытын ұстанған көптеген реформалары еліміздің дамуына даңғыл жол салатыны анық. Қазір әлеуметтік желінің де «шарықтап» тұрған шағы. Біз мәдени ортасы қалыптасқан, дамыған, құқықтық мемлекетке айналамыз десек, әрбір адам елінің даму факторына өз бетінше үлес қосуы керек деп есептеймін.
Өз басым жас болсам да, осы кезге дейін біраз жұмыстар істеп, түрлі қызметтің сатыларынан өттім. Оның үстіне Мемлекет басшысының өзі де жастардың қызметке келуін әркез қолдап отыр. Әлемде тәуелсіздіктен артық баға жетпес байлық жоқ. Біз соны түсінуіміз керек. Көпшілік те оны ұғынуы қажет. Елің тәуелсіз болса, туған жеріңде бейбітшілік үстем болып тұрса, мемлекет одан әрі дами түскені үстіне дами түсері сөзсіз.
Мен Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімінің лауазымына өзімнің кандидатурамды ұсынып отырмын. Бос уәде беріп, сіздерді де әурелегім келмейді. Қазір құр сөздің емес, нағыз қайнаған еңбектің үлгісін көрсеткен маңызды. Мені қолдасаңыздар, әрдайым кез келген мәселеге жауапкершілікпен қарап, сіздердің ақ алғыстарыңызға кенелгім келеді. Одан өзге ауылдық округтегі әрбір жайтты жіті бақылауда ұстап, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін арттырып, ауылшаруашылығын дамы­туға, ардагерлерге, көпбалалы және аз қам­тылған отбасылардың әлеуметтік мәселе­лерін назарда ұстайтын едім. Жастар арасында мәдени-спорттық іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп, ауыл жастарын патриоттық және ұлттық рухта тәрбиелеу үрдісіне көңіл бөлетін боламын. Қысқасы, өзімнің іскерлігімді көрсетіп, әрбір ауыл тұрғынының ұсынысы мен шағымы назардан тыс қалмайтын ашық әрі әділетті әкімдік жүйесін қалыптастырға мүдделімін.
18 мамырда өтетін ауылдық округ әкімінің сайлауында сіздер мені қолдайды деп сенемін.

Поделиться ссылкой: