Ауылдастары Айданаға құрмет көрсетті

158 Views

Уәде еткеніміздей, бүгін біз тағы да Айдана Әбдікерім туралы мақала әзірледік. Иорданияның Амман қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз қола медаль иеленген болатын. Бұл жөнінде газетіміздің алдыңғы сандарында мақала да жаздық. Енді бүгін Айдана Әбдікерімге өзі дүние­ге келген Қарақат ауылының тұр­ғындары құрмет көрсетіп, зор ілтипатпен қарсы алғандығы төңірегінде сөз қозғаймыз. Жалпы Қарақат ауылы бірлігі мен ұйымшылдығы жарасқан ауыл. Оны талай мәрте құлақ естіп, көз көріп жүр. Қарақаттықтар осы жолы да өздерінің ұйымшылдығын көрсетіп, ауылдас жас спортшыға зор қолдау білдірді. Яғни ауыл тұрғындары Амманда өткен Азия біріншілігінде ел қоржынына қола медаль салған Айдана Әбдікерімге 500 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етті. Бұл да болса, жас спортшыға үлкен мотивация болары анық.
Айдана Әбдікерім расымен де мықты боксшы. Еңбекқорлығы тағы бар. Ол сөзсіз – дара талант. №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде білікті бапкер Есдәулет Құрмантаевтың қол астында жаттығатын Айдананың шаршы алаңдағы шеберлігі біраз бокстың қыр-сырын білетін қырағы жандардың таңдайын қақтырғаны рас. Несін жасырайық, әлеуметтік желінің «айқайлап» тұрған шағында, бәленше-түгенше болды, түгенше-бәленше болды дегенге толы, өсек сөзге өрілген жалған ақпараттар емес, осындай жұдырығы жуан, жолы жіңішке жас бұрымды бойжеткендердің есім-сойы мен бағындырған белестері көптеп дәріптелсе дейсің. Тегінде Айдана секілді жас боксшы арулар Көк байрақ Туымызды талай додаларда асқақтататыны белгілі ғой. Сондықтан бұндай спортшыларға ақпараттық қолдау көп қажет деген ойдамыз. Біздің де миссия сол. Жас таланттарды қолдап, жақсы жаңалықтарды оқырманға жеткізу. Осы мақала сол сөзіміздің дәлелі деп түсінсеңіздер болады..

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: