Әжелер мектебі – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі

238 Views

Дәл осындай тақырыпта жақында Өрнек ауылындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында аудандық семинар өткі­зілді. Іс-шараның мақсаты – әжелер мек­тебі арқылы балаларды қазақ хал­қының ұлттық құндылықтарына, отбасылық құндылықтарға, отан­шыл­дыққа, Отан­ға де­ген сүйіс­пеншілікке, оларды мәдени‑әлеуметтік нормаларға баулуға, бала­­ларды дамыту мен тәрбие­леу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш жігерін біріктіру.
Халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың міндеті болып саналған. Ұлттық тәрбиенің дәнін себуші әжелер. Әже тәрбиесі арқылы жас толқын бойына адамгершілік қасиеттер сіңіріліп, отбасына деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттер қалыптасады.
Осы іс-шарада балабақша меңгеру­шісі Нұржамал Секенқызы сөз алып, ұрпақ тәрбиесінде әже мен ананың алатын орны айрықша екендігіне, сандық технология дамыған дәуірде баланы ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудегі рөлі зор екендігін айтты.
Қонақтарға әуенді ән шашу, «Ба­лауса» ортаңғы тобының «Кесе» биі орындалып, «Әжелер ертегілер еліне саяхат» атты танымдық сағаты ұсынылды. Онда «Қарлығаш» ересек тобының бүлдіршіндеріне әжелеріміз Ұлжан Нарбаева, «Алтын сақа» ерте­гісін мәнеріне келтіріп айтып берді. Одан кейін «Шаш өру, жүн сабау, жүн түту, ұршық үйіру, тоқыма, киіз басу өнері – ұлттық мұра» атты шеберлік сағаттары көрсетілді. Онда балабақша тәрбиешілері жүн сабау, ұршық иіру, тоқыма, киіз басу өнерін көрсетіп, балаларға сабау, ұршықтармен та­ныс­тырып, мағлұмат берілді. Осы ше­берлік сағатта тәрбиешілер М.Надирова, А.Есназарова, Қ.Сем­бие­ва, Ж.Булекова, К.Сарбасова және тәрбиеші А.Ташматованың ұйым­дас­тыруымен ересек «Күншуақ тобы» тәрбие­ленушілері киіз басу өнерінде өз шеберліктерін жоғары деңгейде көр­сетті.
«Әке – асқар тауың» дейді халқымыз. Әке шаңы­рақтың тірегі. Әке – отбасының асырау­шысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Ер баланың өсіп, жеті­ліп, өз алдына жеке тұлға болып қалып­тасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі.
Қонақтар келесі кезекте «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты «Әкелер мектебінің» шығармашылық шеберханасында ата-ана Есбол Әтібеков орта «Балауса» тобы мен ересек «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушілеріне ат әбзелдері туралы толық түсіндіріп, қамшы өрудің әдіс-тәсілін көрсетті.
Семинар бағдарламасына сай кезекті «Ұлттық ойындар – ұлты­мыздың құнды мұрасы» бөлімінде тәрбиеші А.Ташматованың ұйым­дастырылуымен ересек «Күншуақ» тобы тәрбиеленушілері «Бестемше» ойынын, тәрбиеші А.Келестің жетекшілігімен ересек «Қарлығаш» тобы тәрбиеленушілері «Бәйге» ойынын жоғары деңгейде көрсете білді.
Іс-шара соңында бүлдіршіндер ән айтып, тақпақтарын жатқа оқып, дөңгелене би биледі.
Семинар соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы сөз алып, әжелердің ұрпақ тәрбиесінде тигізетін пайдасы ұшан-теңіз, бала тәрбиесіндегі алатын орны ерекше екенін атап айт­ты. Аудандық аналар кеңесінің мүше­лері алған әсерлерімен бөлісіп, ұжым мүшелеріне ризашылықтарын білдірді.

Н.Алимбекова,
«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: