Ұлағатты ұстаз, білікті басшы

60 Views

Жуырда Қарақат ауылындағы №2 орта мектебінде «Ұлағатын ұсынған ұстаз» деген тақырыпта осы мектепте талай жыл ұстаз болған, біліктілігі мен іскерлігін ұштастыра отырып, білім беру ісіне сүбелі үлесін қосқан, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» Жапарқұлов Бөлеген Төлтебайұлын аудан көлемінде еске алу пән олимпиадасы болып өтті. Іс-шараға Бөлеген Төлтебайұлымен бірге әріптес болған мектеп директорлары, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов және де химия-биология пәнінің әдіскері Гүлбағира Нұралиева, шәкірттері, асыл жары және ағайдың ұрпақтары, туған-туыстары, аудан мектептерінен бақтарын сынауға келген оқушылар мен жетекшілері қатысты.
Мектеп ұжымы мен оқушылар, ағаймен бірге жұмыс істеген әріп­тестері – бұл іс-шараға қызу дайын­дық жасады. Мектеп ауласы ерекше күйге енді. Күй тартылып, әсем ән де шырқалды. Замандастары, әріптестері өз естеліктерімен бөлісті. Бөлеген ағайдың қалжыңбас, әзілқой екенін тілге тиек етті. Ағай Қарақат ауылындағы Октябрьшаруа орта мектебінде 19 жыл табан аудармай қызмет еткен. Мектептің ісінің алға жылжуына, білім мен тәрбиенің оқушы бойына даруына ағайдың қосқан үлесі ұшан- теңіз. «Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» демекші, ағайдың алдынан талай шәкірт білім мен тәрбие алып қанаттанып ұшып шыққан еді. Ағай шәкірттерін жақсы көретін балажан, өте қамқор, нағыз жанашыр ұстаз бола білді.
Іс-шара соңы әр ауылдан өз бақтарын сынауға келген химия пәнінің олимпиадасында қатысушылар өз білімдерін көрсетті. Нәтижесінде жүл­делі орын алған оқушы­ларға Бөлеген ағайдың отбасының тарапынан ақшалай сыйлықтар және де мақтау қағазы мен медальдар берілді. Жүлделі І орынды №1 лицейінің оқушысы Айшанұр Қашқынбай алтын медаль және қаржылай сыйлықты қанжығасына байлады. Жүлделі ІІ орынды А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Еңлік Қали мен Қорағаты орта мектебінің оқушысы Айсұлу Рысқожа күміс медальмен және қаржылай сыйлықты еншіледі. Жүлделі ІІІ орынды Р.Смайлов атындағы орта мектебінің оқушысы Айзере Эмиль және де Қызылпан Сұлтанбеков атындағы мектептің оқушысы Жемісай Аққу қола медальды еншіледі. Бір қуанарлығы, мектебіміздің 7-сынып оқушысы Таңшолпан Жайлау жүлделі ІІІ орынды иеленіп, қаржылай сыйлық алып, қола медальды иеленді. Мектеп оқушылары өнер көрсетіп, ән шырқап, іс-шара соңы өте әсерлі аяқталды. Ағайдың отбасы және келген қонақтар осы игі істің атқарылуына атсалысқан №2 орта мектебінің директоры мен ұжымына алғыстарын айтты.

Жеңіс Өтепбергенова,
№2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: