Қаламынан тамған қанатты ой

302 Views

Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жүректі тербеген жырларымен оқырманын баураған ақын Хамит Есаманның шығармашылығына арналған «Қаламынан тамған қанатты ой» атты поэтикалық жыр кеші өтті.
Шараға ақынның замандастары мен қаламдас достары, зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, мектеп оқушылары мен әдебиетсүйер оқырмандар қатысты. Бұл кеш – ақын шығармашылығына деген зор құрмет пен рухани байланыс алаңына айналды. Кеш барысында ақынның терең мазмұнды жырлары оқылып, шығармашылығы мен өмір жолына арналған бейнеролик көрсетілді.

Көрермендер ақын поэзиясының сырлы әлеміне сапар шегіп, оның шығармашылығына жаңаша көз­қараспен қарауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, кеш аясында ұйымдас­тырылған «Ақындықтың ақ жолы» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырмандар ақынның әр жылдары жарық көрген жыр жинақтарымен және мерзімді баспасөз беттеріндегі еңбектерімен танысты. Кештің көркемдік маңызын арттыра түскен ерекше сәт – «Қалам мен құдірет» атты сахналық қойылым болды. Ақынның ішкі жан толғанысын, шығармашылық әлемін көркемдік тұрғыда бейнелеген қойылым көрермендер тарапынан үлкен әсерге ие болды. Жыр кешінде тағы бір жаңалық – Хамит Есаманның сөзіне жазылған «Сезім» атты жаңа әннің тұсаукесері болды. Алғаш рет шырқалған бұл туынды көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, кешке әсерлі реңк сыйлады. Ақын шығармашылығына арнал­ған бұл кеш – оның әдеби мұрасын насихаттап қана қоймай, жас ұрпақты поэзияға баулудың, ұлттық руханиятты дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. «Қаламынан тамған қанатты ой» жыр сүйер қауымның жүрегіне жол тауып, поэзия мерекесіне ұласты.

Әлия Искакова,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: